Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың тұңғыш қызы Әдемі Қабатова Дубайдағы жоғары оқу орнын сәтті аяқтап, диплом алды. Қуанышты жаңалықтан кейін бойжеткен әлеуметтік желіде ата-анасына жүрекжарды алғысын білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Әдемі шетелде білім алуға мүмкіндік жасаған әкесі мен анасына ризашылығын жеткізіп, бұл жетістіктің олардың қолдауының арқасында мүмкін болғанын айтты.
«Ең үлкен алғысым – папа мен мамаға. Маған шетелде білім алып, бала кезден армандаған мамандығымда оқуға мүмкіндік бергендеріңіз үшін шексіз ризамын. Әрбір бала үшін ата-анасының қолдауы мен осындай мүмкіндікке ие болуы – үлкен бақыт. Бұл – менің өмірімдегі жаңа белестің бастауы. Сенімдеріңіз, қолдауларыңыз және мен үшін жасаған барлық еңбектеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Рақмет сіздерге!» – деп жазды ол.
Өз кезегінде Тұрсынбек Қабатов та қызының жетістігіне қуанып, оны алғаш Дубайға оқуға апарған сәтін еске алды.
«Әдеміні Дубайға оқуға түсіріп қайтып келе жатқанда, қимай бес сағат жылап келгенмін. Қазір үмітімізді ақтап, жақсы оқып шықтың. Сенімен мақтанамын! Ризамыз!» – деді өнер иесі.
Желі қолданушылары жас түлекті диплом алуымен құттықтап, ақ жол тілеп, ата-анасына деген құрметі мен тәрбиесіне тәнті болғандарын жазды.