Саясат

Қилыбайды қырсық шалып тұр: Маңғыстауда мемлекеттік қызметкерлер қылмыс істеді деген күдікке ілінді

Қилыбайды қырсық шалып тұр: Маңғыстауда мемлекеттік қызметкерлер қылмыс істеді деген күдікке ілінді
Фото иллюстрация: kznews

Бұл тек жекелеген шенеуніктердің әдеп бұзуы ғана ма, әлде өңірдегі басқару сапасының терең дағдарысын айқындайтын симптом ба? Онсыз да басы жиі дауға қалып жүрген Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайға, бәлкім көптің сенімін қайтару үшін дұрыс шешімдер қабылдау керек шығар?

Маңғыстау облысы Полиция департаментінің дерегінше, өңір әкімдігінің қолдауымен өткен арнайы операция «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілген. Тергеу сотқа дейінгі сатыда, тәркіленген заттарға сараптама тағайындалған. Күдіктілердің бірі - аудан әкімінің орынбасары, екіншісі - ауылдық округ әкімінің орынбасары екені ресми хабарланды. 

Бұлтартпау шаралары қаралып жатыр. Алайда, лауазымды тұлғалардың аты аталғанның өзі мемлекеттік қызмет беделіне ауыр соққы. 

Бұл оқиға жалғыз емес. Соңғы айларда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Игілікұлы қоғам назарына жиі ілігіп жүр. Біріншіден, ол 2024 жылы облыс әкімі болып тағайындалғаннан (жергілікті басқару жүйесін жаңғыртуға уәде берген) бері өңірдегі тәртіп пен нәтиже үшін саяси жауапкершілікті мойнына алған тұлға.  

Екіншіден, тамыз айында сот шешімімен әкімнің некесіз туған баланың әкесі екені танылып, алимент төлеуге міндеттелгені жария болды. Әңгіме жеке өмірі туралы емес. Мәселе - жоғары лауазымды тұлғаның моральдық капиталы мен қоғамдық сенімі. Мемқызметтің этикалық стандарты биіктеген сайын, жетекшінің жеке беделі де басқару тиімділігіне тікелей әсер етеді. 

Тағы айта кетерлігі, өңірде жол, су, жарық секілді базалық инфрақұрылым талаптары жиі «ЖСҚ дайын, экспертизада, қаржы бөлінсе…» деген стандарт жауаппен кейінге ысырылып келеді деген жұрт шағымы басылмай тұр. Мұндай риторика қысқа мерзімде «жауапкершілік вакуумын» қалыптастырады: барлығы құжаттың, біреудің қолының, келесі транштың артында. 

Ал нақты орындау, мерзім, сапа үшін кім жауап береді? Ұсталуы тіркелген екі орынбасар оқиғасы дәл осы вакуумның салдары болуы да ықтимал, өйткені бақылау әлсіреген жерде тәртіп те әлсірейді. Оқиғаның ауырлығы сол, күдік есірткі қылмысына қатысты болып тұр. 

Есірткіге қарсы күрес тек полицияның міндеті емес. Ол — әлеуметтік саясат, білім беру, жастар жұмысы, еңбек нарығы, денсаулық сақтаудың да ортақ сынағы. Облыс деңгейіндегі жауап — тек «ұстадық» деген пресс-релиз емес, неге бұған дейін жергілікті биліктің радарында болмағанын мойындау және қалай жүйелі түрде болмайтындай етеміз деген жоспар. «Қарасора-2025» аясындағы ұстаулар осы жоспардың жоқтығын, әлсіздігін немесе салғырттығын әшкерелеп тұр. 

Маңғыстау - геосаяси жағынан да, экономикалық тұрғыдан да стратегиялық өңір. Мұнда басқарудағы әр кемшілік еліміздің халықаралық беделіне де, инвестициялық тартымдылығына да әсер етеді. Әкімнің жеке өміріне қатысты сот шешімі - факт. 

Лауазымды екі орынбасардың есірткі қылмысына қатысы жөніндегі күдік - ауыр сигнал. 

Осы екі факт бір-біріне қосылғанда, қоғам биліктен ашық реформалар күтеді. 

Қысқасы, ендігі сөз емес, санаулы апта ішінде көрінетін нәтижелер маңызды. 

Әйтпесе, «ЖСҚ дайын…» деген үйреншікті формуланың артында тағы бір дағдарыс пісіп-жетілуі мүмкін.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz