Тергеу мәліметінше, қылмыстық іс екі эпизодтан тұрады. Біріншісінде Сариев Instagram арқылы қайырымдылық жариялап, науқастарға көмек көрсетуге уәде беріп, жиналған қаражатты мақсатсыз жұмсаған. Екінші эпизод қажылық сапарларын ұйымдастырған MM Travel фирмасымен байланысты.
9 қазандағы сот отырысында екінші айыпталушы Ақтоты Дүйсеева Ілияс Сариевтің қажылыққа барушылардың ақшасын құмар ойындарға жұмсағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Сариев екеуі 2023 жылы компанияны бірге құрған және екі жыл ішінде екі мыңнан астам адамды қажылыққа жіберген. Алайда кейін кассада ірі жетіспеушілік пайда болып, 20 адамның ақшасы қайтарылмаған.
«Проблема Сариев кассадан ірі соманы алып, қайтармаған кезде басталды. Ақшаны бір аптада қайтарамын деп уәде берді, бірақ орындалмады. Сол себепті кей туристер қажылыққа бара алмады», – деді Дүйсеева.
Сондай-ақ ол Сариевтің бұрыннан құмар ойынға әуес болғанын және компания қаржысын жеке мақсатқа жұмсағанын айтты.
Айта кетейік, Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі, 4-тармағы("Бірнеше рет жасалған алаяқтық") бойынша айып тағылған. Бұл бап үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.