Шоу-бизнес

«Қазақтар Ислам қабылдамаған»: Имам Баян Алагөзоваға бойкот жариялады

«Қазақтар Ислам қабылдамаған»: Имам Баян Алагөзоваға бойкот жариялады
Коллаж smartnews.kz

Бұл мәлімдемеге белгілі дін қызметкері Данияр Кенжеұлы қарсы шығып, Алагөзованың күйеуі Тұрсын Алагөзовке тиесілі «Maxi» шайына бойкот жариялауға шақырды.

«Бұл – тек білімсіздік емес, бүкіл ұлттың рухани тамырына жасалған соққы. Қазақ – ежелден мұсылман халық. Мұндай пікір айту – тарихқа қарсы шығумен тең. Жүректе иман болса, ондай сөз жаныңды ауыртады. Сондықтан “Maxi шайын” ішпеңдер!», – деп жазды ол желідегі парақшасында.

Алайда имамның бұл үндеуі қоғамда бірыңғай қолдау таппады. Көпшілік пікір білдірушілер дін өкілін шынайы проблемалардан назарды басқаға аударды деп сынға алды.

«Қыз зорлағандарды неге бойкоттамайсыңдар?», «Жемқорлық пен тұрмыстық зорлыққа үнсіз қаласыңдар да, шай үшін ғана бас көтересіңдер», «Идеология мен бизнесті шатастырмау керек» деген секілді пікірлер жиі жазылды.

Айта кетейік, Алагөзова өз сөзінде қазақтардың Ислам дінін кейінірек қабылдағанын айтқан. Бұл пікір тарихшылар арасында да әртүрлі қабылдануда. Бірі Исламның VIII ғасырдан бастап тарай бастағанын айтса, енді бірі бұл үдеріс ұзақ әрі күрделі болғанын алға тартады.

Қазіргі таңда әлеуметтік желіде бойкотқа қатысты пікірталас өршіп тұр: бір тарап имамды қолдаса, екінші тарап оның әрекетін орынсыз деп бағалауда.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz