Ғалымның айтуынша, 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында орыс зерттеушілері қазақ даласын жиі аралап, түрлі экспедициялар жүргізген. Сол зерттеулер барысында қазақтардың тұрмыстық жағдайы мен әл-ауқатының жоғары екені байқалған.
«Қазақтардың бай, ауқатты екенін бірнеше белгіден байқауға болады екен. Мәселен, олар қысқа міндетті түрде соғымға жылқы сойған. Жай ат емес, көбіне жорға мінген. Қымызды молынан ішкен. Мұның бәрі халықтың тұрмысының жақсы болғанын көрсетеді», — деді тарихшы.
Сондай-ақ, ол сол заманда сиыр еті кедейдің асы саналғанын айтты. «Орыстар «говядина — пища бедных» деп ашық жазған. Қазақтар негізінен сиыр етін көп тұтынбаған. Негізгі тағам — жылқы мен қой еті болған. Кейін Совет үкіметі орнаған соң, барлығын жейтін болдық. Бірақ бұрын екі түлік — жылқы мен қой, әрі кетсе түйе еті негізгі тағам болған», — деп түсіндірді Ахмет Тоқтабай.