Қазақстанда азаматтардың жеке деректерін заңсыз жинау және тарату дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Журналистер аталған схеманың егжей-тегжейі мен ықтимал қатысушылар туралы цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин-нен сұрады, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұған дейін хабарланғандай, Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қызметкерлері Қазақстан азаматтарының дербес деректерін заңсыз жинап, таратумен айналысты деген күдікке ілінген қылмыстық топтың әрекетін әшкерелеген. Сондай-ақ бұл деректерді сатып алушылар қатарында микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер болуы мүмкін екені айтылған.
Күдіктілер құрамына кімдер кіргені және олар азаматтардың жеке деректеріне қандай жолмен қол жеткізгені жөнінде журналистер цифрлық даму вице-министріне сауал жолдады.
Ростислав Коняшкин-нің айтуынша, қазіргі кезеңде оқиғаға қатысты барлық деректерді толық ашу мүмкін емес.
«Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде, сондықтан ешқандай ақпаратты жариялай алмаймыз. Тергеу аяқталғаннан кейін тиісті мәліметтер беріледі деп ойлаймын. Өкінішке қарай, әзірге ештеңе айта алмаймын», - деді ол Үкіметте өткен брифингте.
Сондай-ақ журналистер Ростислав Коняшкиннен қолданыстағы қорғаныс тетіктері неліктен қазақстандықтардың жеке деректерінің жаппай таралуына тосқауыл бола алмағанын және бұған мемлекеттік орган қызметкерлерінің қатысы бар-жоғын сұрады.
Ростислав Коняшкин ХҚКО немесе өзге де ведомство қызметкерлерінің бұл іске қатысы бар деген алдын ала қорытынды жасауға негіз жоқ екенін атап өтті.
«Мен мұны ХҚКО қызметкерлері деп нақтыламас едім. Жүйелердегі ақпаратқа қолжетімділік рөлдер бойынша бөлінген. Егер кімде-кім заң бұзып, деректерді заңсыз пайдаланса, оларға қатысты тиісті құқық қорғау шаралары қабылданады», - деді ол.
Оның айтуынша, деректер тек ішкі жүйелер арқылы ғана емес, әртүрлі жолдармен жиналуы мүмкін.
"Дербес деректерді заңсыз жинау, соның ішінде, фишингтік сілтемелер, қоңыраулар, заңсыз сайттарға бағыттайтын және пайдаланушы деректерін жинайтын QR-кодтар арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ бұған дейін микроқаржы ұйымдары мен жеке ақпараттық жүйелерден жеке деректердің таралуы тіркелген болатын", - деп түсіндірді Коняшкин.
Цифрлық даму министрлігі дербес деректерді қорғауды күшейту және жауапкершілікті қатаңдату бағытында жұмыс істеп жатқандарын мәлімдеді.
"Дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша талаптарды белгілеп, оны бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Айыппұлдар қазірдің өзінде бірнеше есеге артты және бұл жұмыс жалғасатын болады. Жаппай жылыстауға әкеп соқтырған шараларды қолданбағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке дейін қатаңдату мәселесі қарастырылып жатыр", - деді вице-министр.