2025 жылдың тамызында қазақстандықтардың қаржылық әдеттерінде жаңа үрдіс байқалды. Ұлттық банк тапсырысымен FusionLab жүргізген зерттеу нәтижесі бойынша, банктегі депозиттердің үлесі азайып, қолма-қол ақшаны сақтауға құмартқандар көбейген. Егер бір жыл бұрын халықтың 65,8 пайызы қаражатын депозитке салса, бүгінде бұл көрсеткіш 63,5 пайызға түскен. Ал қолма-қол ақшаны жөн көретіндердің үлесі 30,8 пайыздан 37,2 пайызға өскен.
Халықтың банкке сенімі төмен
Көрсеткіштердің өзгеруі халықтың банк жүйесіне деген сенімі төмендеді дегенді білдірмейді. Сарапшылардың айтуынша, бұл құбылыстың астарында тұрмыстық логика жатыр.
Қаржыгер Расул Рысмамбетов «қысқа мерзімді ойлайтын, табысы шектеулі отбасылар үшін қаражатты қолда ұстау тиімді көрінеді» дейді. Баға өсімі, тексерулер мен декларациялар туралы сөз қозғалған сайын халық ақшасын «жастық астында» сақтағанды жөн көреді.
Алайда бұл үрдістің тұрақты болмайтынына мамандар сенімді. Инфляция төмендеп, қысқа мерзімді депозиттердің нақты табысы артқан жағдайда, қаражат қайтадан банктерге құйылады.
Қаржы жүйесіне қаупі қандай?
Қолма-қол ақша үлесінің артуы ұзақ мерзімді келешекте бірқатар қиындық тудыруы мүмкін. Ең әуелі банктердің қорландыруы қымбаттайды, демек несие алу да қиын әрі қымбат болмақ.
Сонымен қатар ақша айналымының бір бөлігі «көлеңкеге» кетіп, салықтық түсімдер азаяды. Ұлттық валютаның да тұрақтылығына қауіп төнеді, өйткені қолдағы қаражатты банктен тыс жолмен валютаға айырбастау жеңіл.
«Халық инфляциядан ұтылғысы келмей, ақшаны қолда ұстайды. Бірақ бұл банк жүйесінің ресурс базасын әлсіретеді», – дейді сарапшылар.
Теңгеге сенім сақталып тұр
Сауалнамада халықтың 92,5 пайызы жинағын теңгемен сақтайтынын айтқан. Бұған басты себеп – күнделікті шығынның ұлттық валютамен төленуі және айырбастау шығынының болмауы. Сонымен қатар теңгелік депозиттер шетел валютасындағыдан табыстырақ әрі қауіпсіз.
Дегенмен доллар түріндегі жинақтың бір бөлігі ресми статистикада көрінбейді, өйткені ол банктік емес жолдармен сақталады.
Қолма-қол ақшаның өсу үрдісін тоқтату үшін сарапшылар бірқатар ұсыныс айтып отыр. Солардың ішінде:
-
3-6 айлық қарапайым әрі түсінікті цифрлық салымдар жасау;
-
Автоматты капитализация мен нақты кепілдіктер ұсыну;
-
Қолма-қолды заңды түрде «ақ» айналымға қайтару жолдарын қарастыру.
Рысмамбетовтың пікірінше, банктер мен реттеушілер халыққа ыңғайлы құралдар ұсынған жағдайда ғана адамдар депозитке қайта оралады.
Қолма-қол ақшаның көбеюі — уақытша құбылыс. Ол қоғамдағы сенімнің әлсіреуінен емес, тұрмыстық дағдылар мен қысқа мерзімді жоспарлаудан туындап отыр. Бірақ егер бұл үрдіс ұзаққа созылса, банк жүйесінің тұрақтылығына салмақ түсіреді. Сондықтан да мемлекет пен қаржы институттарының алдында тұрған басты міндет — халыққа түсінікті, сенімді және табысты құралдар ұсыну. Сонда ғана қазақстандықтар қайтадан депозитке оралып, қаржы жүйесінің орнықты дамуына үлес қосады.