Ақтөбеде 26 жастағы қыз алаяқтардың құрбанына айналды. Оған WhatsApp арқылы қоңырау шалған белгісіз адам өзін гүл жеткізу қызметінің курьері ретінде таныстырған. Тапсырысты растау қажет екенін айтып, жәбірленушінің телефонына келген растау кодын сұрап алған. Еш күмән туғызбаған қоңырауға сенген бойжеткен келген кодты айтқан, деп хабарлайды kznews.kz.
Арада көп уақыт өтпей, оған қайта хабарласқан тағы бір адам өзін банк қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырып, әлгі код алаяқтардың қолына түскенін және оның атына несие рәсімделіп жатқанын айтқан. «Ақшаңызды сақтап қалу үшін» қаражатты шұғыл түрде «қауіпсіз шотқа» аудару қажеттігін түсіндірген.
Алаяқтардың сөзіне сенген қыз олардың нұсқауын орындап, 7,5 миллион теңгені бөгде есепшотқа аударып жіберген.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілерді анықтау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.