Астанада «Coupe Mondiale 79» халықаралық баяншылар мен аккордеоншылар байқауының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Әлемнің 16 елінен келген өнерпаздар бақ сынаған додада қазақстандық Жандос Сауыт негізгі «Coupe Mondiale» санаты бойынша бірінші орын иеленді, деп хабарлайды kznews.kz.
27 тамызда өткен салтанатты кешке Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Азамат Белқайыров қатысты. Ол елімізде мәдениет пен руханиятты дамытуға ерекше мән берілетінін атап өтіп, халықаралық байқаудың Қазақстанда ұйымдастырылуын осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі деп бағалады.
Азамат Белқайыров министрлік атынан Халықаралық аккордеоншылар конфедерациясына, қазылар алқасына, «Қазақконцерт» ұжымына, қатысушылар мен демеушілерге алғыс білдіріп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтады.

Кеш барысында жеті санат бойынша жеңімпаздар марапатталды. Арнайы жүлделерді Халықаралық аккордеоншылар конфедерациясының президенті Мирко Патарини табыстады.
Бірінші орын алғандар:
«Классикалық музыка ансамблі» – ресейлік Siberian Bayan Quartet;
«Жасөспірімдер арасындағы виртуоздық эстрадалық орындаушылық» – Италия өкілі Давиде Ди Джакомо;
«Жасөспірімдер арасындағы Coupe Mondiale» – Жапония өкілі Фута Мидзутани;
«Ересектер арасындағы виртуоздық эстрадалық орындаушылық» – Босния және Герцеговина өкілі Джордже Перич;
«Coupe Mondiale шеберлері» – Ресей өкілі Тимур Сетраков;
«Әлемдік музыка ансамблі» – қазақстандық «Scythians» триосы;
негізгі «Coupe Mondiale» санаты – Қазақстан өкілі Жандос Сауыт.
Жеті санаттың жеңімпаздары салтанатты кеште өнер көрсетіп, кәсіби шеберлігін көпшілікке таныстырды.
Финалдық концертте ұлттық музыка мен әлемдік классика үндесті. Сахнаға «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Samga», «Saz&Soul» топтары, «Гүлдер» ансамблінің балеті, Клара Төленбаева, Нұрай Шеру және «Қазақконцерттің» шығармашылық ұжымдары шықты.
Кештің шарықтау шегінде 40-тан астам баянист Құрманғазының «Адай» күйін бірге орындады. Салтанатты рәсім Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен аяқталды.
Бірнеше күнге созылған халықаралық байқауға 147 өтінім қабылданған. Оның 126-сы жеке орындаушылардан, 21-і ансамбльдерден түсті. Ансамбльдер құрамында 62 өнерпаз өнер көрсетті. Бірнеше санатқа қатысқан музыканттарды қоса есептегенде, додада 153 бірегей өнерпаз бақ сынады. Олардың 32-сі бірнеше санатта жеке орындаушы немесе ансамбль мүшесі ретінде өнер көрсетті.

Қазақстан атынан байқауға 40 орындаушы қатысты. Сондай-ақ Ресей, Қытай, Португалия, Италия, Черногория, Сербия, Хорватия, Швейцария, Жапония, Өзбекстан, Бразилия, Босния және Герцеговина, Қырғызстан, Солтүстік Македония және Беларусь елдерінің музыканттары бақ сынады.
Халықаралық дода аясында Астанаға Халықаралық аккордеоншылар конфедерациясының 46 делегаты келді. Олардың қатарында Италия, Финляндия, Франция, Қытай, Австралия, Ресей, Сербия, Германия, Австрия және Жаңа Зеландияның белгілі өнер өкілдері болды. Қазақстандық мамандардан қазылар алқасының құрамына Анатолий Гайсин, Сәуле Смақова, Самғар Толқынхан, Жәмилә Чалдаева және Дамир Сұлтанов енді.
Байқаудың жалпы жүлде қоры 16 миллион теңгені құрады. Негізгі «Coupe Mondiale» санатының жеңімпазына 3 мың еуро, екінші орын иегеріне 2 мың еуро, үшінші орын алған қатысушыға 1 мың еуро табысталды.
Халықаралық байқау ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының ұйымдастыруымен өтті.