KZNews.kz
Жаңалықтар

Қазақстандық мұнай тиелген екі танкерге дрондар шабуыл жасады

Дархан Тоқан
Сурет нейрожелі көмегімен жасалды

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалы маңында Қазақстан мұнайын тасымалдауға арналған екі танкерге дрондар шабуыл жасап, кемелердің бірі зақымданды. Оқиға Новороссийск түбіндегі «Оңтүстік Озереевка» терминалы ауданында болған, деп хабарлайды kznews.kz.

Reuters дерегінше, танкерлер КҚК терминалы ауданында тұрған. Бұл бағыт Қазақстан мұнайының экспортындағы негізгі дәліз саналады: дәл осы терминал арқылы ел мұнайының шамамен 80 пайызы сыртқа шығарылады.

Шабуыл болған кемелердің бірі — Delta Harmony. Ол гректің Delta Tankers компаниясына тиесілі және Теңізшевройл өндірген мұнайды тиеуі тиіс болғаны айтылады. Әзірге Delta Tankers оқиғаға қатысты пікір білдірмеген.

Екінші танкер — Matilda, оны Thenamaris компаниясы басқарады. Бұл кеме Қарашығанақ кен орнынан өндірілген мұнайды тиеуді күтіп тұрған. Thenamaris өкілі Matilda кемесіне екі дрон соққысы тигенін растаған: зардап шеккендер жоқ, палуба құрылымдарына аздаған зақым келген, олар жөнделеді. Компания мәліметінше, кеме теңізге жарамды күйде қалып, кейін ауданнан шығып кеткен.

Теңіз қауіпсіздігі саласындағы дереккөздер бір кемеде өрт шыққанын, бірақ оның дереу сөндірілгенін хабарлаған. Ал КҚК оқиғаға қатысты түсініктеме беруден бас тартқан.

КҚК мұнай құбыры Қазақстан мұнайын Қара теңіздегі Новороссийск қаласы маңындағы «Оңтүстік Озереевка» терминалына жеткізеді. Мұндай оқиғалар теңіз инфрақұрылымының қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықты күшейтіп, тасымал кестесі мен тәуекел құнына ықпал етуі мүмкін.

Дархан Тоқан
Автордың басқа материалдары