KZNews.kz
Жаңалықтар

Қазақстанда журналистерге қысым бар ма? Министр Аида Балаева мәлімдеме жасады

Қалмаханбет Мұқаметқали
Фото: ашық дереккөздерден

Бүгін Human Rights Watch халықаралық ұйымы «Қазақстанда журналистерге қысым көрсетуді тоқтатуға» шақырды. Алайда бұл үндеу нақты жағдайды толық білмеуден туындағаны анық.

Соңғы күндері Қазақстанда кейбір қылмыстық істерге халықаралық назар аударту мақсатында «азаптау» туралы негізсіз ақпараттар әдейі таратылып жатыр. Аталған істер бойынша жауапкершілікке тартылғандардың арасында медиа саласының өкілдері де бар.

2022 жылдан бастап елімізде медиа және ақпарат саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған жүйелі реформалар жүзеге асып келеді. Бұл өзгерістер журналистердің кәсіби мәртебесін көтеруге және олардың құқықтық тұрғыда қорғалуына бағытталған.

Соған қарамастан, кейінгі уақытта ақпараттық кеңістікте журналистер мен БАҚ-қа «жүйелі қысым көрсетіліп жатыр» деген мәлімдемелер жиі айтылуда. Кейбір қылмыстық істердің фигуранттары мен олардың қорғаушылары тергеу барысында азаптау болғаны туралы айып тағып жүр. Осындай дәлелсіз мәлімдемелер қоғамды да, шетелдік құқық қорғау ұйымдарын да жаңсақ пікірге жетелеп отыр.

Адам құқықтарының бұзылуы туралы кез келген тұжырым нақты фактілерге, дәлелдерге және заң талаптарына негізделуге тиіс. Эмоцияға немесе қоғам назарын аударуға бағытталған әрекеттерге жол берілмеуі керек.

Мемлекет сөз бостандығы мен БАҚ еркіндігін Қазақстан Республикасының Конституциясында және халықаралық міндеттемелерде бекітілген негізгі құндылықтар ретінде ұстанады. Дегенмен, сөз еркіндігі заң талаптарын елемеуге немесе жауапкершіліктен жалтаруға мүмкіндік бермейді. Бұл қағида барлық құқықтық мемлекеттерге ортақ.

Журналистердің қызметіне, БАҚ жұмысына немесе нақты қылмыстық істерге қатысты барлық мәселелер заң аясында, процессуалдық нормалар толық сақтала отырып, кінәсіздік презумпциясы мен қорғау құқығы қамтамасыз етіле отырып қаралады.

Қазақстанда ешкім кәсіби қызметі үшін қудалауға ұшырамайды. Тергеу және процессуалдық әрекеттерді сөз бостандығына қысым ретінде көрсету — қоғамдық пікірді әдейі бұрмалау.

Бұл істер белгілі бір көзқарастарға немесе редакциялық саясатқа емес, жекелеген азаматтардың нақты құқықтық талаптарына байланысты қаралып жатыр және оларды уәкілетті органдар заң шеңберінде тексеруде.

Мәдениет және ақпарат министрлігі өз құзыреті шеңберінде журналистердің құқығын қорғауға және істердің әділ әрі ашық сотта қаралуына барлық қажетті жағдай жасауға дайын.

Осы орайда халықаралық ұйымдарды, бұқаралық ақпарат құралдарын және қоғамды тергеу аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауға шақырамын. Расталмаған ақпарат тарату мен тергеу органдарына қысым жасау ел ішіндегі тұрақтылыққа нұқсан келтіруі мүмкін.

Егер сотта айыптылардың кінәсі дәлелденсе, жасаған әрекеттеріне сай заң алдында тиісті жазасын алары сөзсіз.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Автордың басқа материалдары