НҰР-СҰЛТАН, 15 наурыз – Sputnik. Қазақстанда тағы екі адамнан коронавирус табылды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бүгінгі таңда тағы екі науқас тіркелді. Бірінші науқас - әйел. Біздің инфекциялық стационарда изоляцияда жатқан пациент. Бұрын күйеуінде диагноз анықталған болаты. Қосымша диагностиканың нәтижесі бойынша коронавирус табылды. Бұл отбасының барлық мүшелері инфекциялық ауруханада, басқа адамдардан оқшауланған", - деп мәлімдеді Біртанов брифингте.
Ал, екіншісі ер адам. Ол кеше Сеулден Алматыға ұшақпен ұшып келген.
Бұған дейін Қазақстанда 6 адамның коронавирус жұқтырғаны хабарланған еді. Олардың төртеуі – Алматыда, екеуі – Нұр-Сұлтанда, барлығы шетелден ұшып келген.
Тағы бір қазақстандық Германияда емделіп жатыр, белгілі болғандай, ол қазақстандық дипломаттардың бірінің әкесі.
Қазір 1425 адам стационарлық карантинде жатыр, ал 496 адам үйде карантинге алынған.