KZNews.kz
Әлеумет

Қазақстанда кімдер сыйақы мен 13-жалақы ала алады: Еңбек инспекциясы жауап берді

Жарқын Омаров
Фото:depositphotos.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызметкерлер қандай жағдайда сыйақы немесе 13-жалақы ала алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингтке журналист Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметовтен кімдер жыл аяғында сыйақы мен 13-жалақыға үміттене алатынын сұрады.

Комитет төрағасы сыйақылар мен басқа да ынталандыру төлемдерін беру тәртібі алдын ала ұжымдық немесе жеке еңбек шарттарында белгіленуі керек екенін түсіндірді.

Егер бұл еңбек шартында қарастырылмаса да, қызметкерлер сыйақы немесе 13-жалақы сұрап өтініш білдіре алады. Алайда басшылықтың мұны төлеуден бас тартуға құқығы бар.

"Қызметкерлер басшылықтан сұрай алады. Бірақ басшылық сыйақы бере ала ма, ұйымның ондай қаржылық мүмкіндігі бар ма, мәселе сонда”, - деп түсіндірді Ахметов.

Мейрамбек Ахметовтің айтуынша, Қазақстанда еңбек дауының басым бөлігі дәл осы сыйақы төлеу мәселесіне қатысты.

"Қызметкерлер ‘Жыл соңына дейін немесе қандай да бір мерекеге орай сыйақы төлеңдер" деп сұрайды. Ал кәсіпорын әкімшілігінде ондай қаражат жоқ, бюджетте қарастырылмаған немесе мүлде жоқ. Сол себепті еңбек даулары туындайды", – деді ол.

Журналист Ахметовтен бюджет ұйымдарының қызметкерлері сыйақы ала ала ма деп сұрады.

Мейрамбек Ахметов мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын қызметкерлерге сыйақы төлеуге мүмкіндік беретін үкімет қаулысы бар екенін мәлімдеді.

Сыйақылар тек үнемделген қаражат болған жағдайда ғана төленеді. Құжатта:

• кімге және не үшін төленетіні;
• үнем қандай шығыс баптары есебінен қалыптасатыны көрсетілген.

Егер мұндай үнемделген қаражат болса, мемлекеттік орган немесе бюджет ұйымы басшылығы сыйақы тағайындау туралы шешім қабылдауға құқылы. Оның мөлшері жеке-дара анықталады. Үнемделген ақша болмаса, сыйақы төлеу қарастырылмайды.

 

 

Жарқын Омаров
Автордың басқа материалдары