Талғар ауданының тұрғындары Тоқаевқа үндеу жолдады
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Қазақстанда ет бағасы қымбаттай ма?

Қазақстанда ет бағасы қымбаттай ма?
Фото: khabar24.kz

Қазақстандағы ет бағасының өсуіне қатысты Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов пікір білдірді. Оның сөзінше, қазіргі уақытта нарықта ет өнімдерінің айтарлықтай қымбаттауы байқалмайды, деп хабарлайды kznews.kz.

Вице-министрдің айтуынша, соңғы аптада еттің жекелеген түрлері арзандаған. Оның мәліметінше, сүйекті сиыр етінің бағасы 0,6 пайызға, ал премиум санатындағы жұмсақ еттің бағасы 0,3 пайызға төмендеген. Бұған дейін келісіне шамамен 3800 теңге тұрған жұмсақ ет қазір 3700 теңгеден сәл жоғары бағамен сатылып жатыр.

Азат Сұлтанов мұны ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін қабылданған шаралардың нәтижесімен байланыстырды. Оның айтуынша, аналық малды шетелге шығаруға шектеу қойылып, ет экспортына квота енгізілген.

Сонымен қатар вице-министр маусымаралық кезеңде мал азығының қымбаттауына байланысты кейбір ет түрлерінің бағасы өсуі мүмкін екенін айтты. Себебі жем-шөп құны бидай мен арпаның бағасына тікелей тәуелді. Алайда қазіргі таңда министрлік ет бағасының күрт қымбаттауына негіз болатын алғышарттарды көріп отырған жоқ.

«Егер сондай жағдай туындаса, біз тиісті шараларды қабылдаймыз», – деді Азат Сұлтанов.

Брифинг барысында вице-министрден сатушылардың кейде тұтынушыларға тек жұмсақ етті емес, сүйегімен бірге сатып алуға мәжбүрлейтіні туралы да сұралды. Оның айтуынша, мұндай жағдай өз басынан да өткен.

«Мен өзім де осындай жағдайға тап болдым. Ет сатып алғанда тек жіліктің белгілі бір бөлігін алғымыз келді, бірақ сатушылар сүйегімен бірге алуды ұсынды. Себебі оларға бұл тиімдірек», – деді ол.

Вице-министр мұндай әрекеттер тұтынушылардың құқықтарын бұзатынын атап өтті. Егер сатушылар тарапынан заңсыздыққа жол берілсе, азаматтар уәкілетті органдарға шағымдана алады.

Оның сөзінше, бүгінде барлық базарда сенім телефондары көрсетілген ақпараттық стендтер орнатылған. Ал заң бұзушылық фактілері анықталған жағдайда, оларды фото немесе видеоға түсіріп, тиісті мемлекеттік органдарға жолдауға болады.

Автор
Жарқын Омаров

C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері kznews.kz тілшісі