Қазақстанда чемодан көтеріп келген адамдардың 110 жастағы екі әженің үйіне не үшін барғаны белгілі болды. Бұл — Ішкі істер министрлігі Көші-қон комитетінің үйге барып қызмет көрсетуі аясында жүзеге асқан, деп хабарлайды kznews.kz.
Көші-қон комитеті кеңсеге келе алмайтын азаматтарға, әсіресе егде жастағыларға, құжаттарды үйінде рәсімдеп береді. Комитет төрағасы Аслан Аталықовтың айтуынша, қызметкерлер компьютер мен фотоаппараты бар арнайы чемоданмен барып, барлық құжатты сол жерде дайындайды.
Биыл құжат алған ең жасы үлкен азамат — 1915 жылы туған Қостанай облысының тұрғыны. Сондай-ақ дәл сондай қызмет Ақтөбе облысында тұратын оның құрдасына да көрсетілген. Екі әженің де жасы — 110-да.
Айта кетейік, Қазақстанда жеке куәлігін алғаш рет алатын азаматтар үшін оны рәсімдеу тегін.