KZNews.kz
Экономика

Қазақстанда 1 желтоқсаннан бастап не өзгереді

Жарқын Омаров
Фото: nur.kz

Бүгіннен бастап Қазақстан азаматтары жеңіл автокөлікті лизинг арқылы рәсімдей алады. Сонымен қатар көлігін қысқы дөңгелекпен жабдықтамаған жүргізушілерге айыппұл салына бастайды. Бұдан бөлек, жаңа әуе және теміржол бағыттары іске қосылып, жолаушылар қатынасы кеңейтіледі, деп хабарлайды kznews.kz.

Лизинг жүйесі іске қосылды

Елімізде жеке тұлғаларға арналған автолизинг ресми түрде қолданысқа енді. Лизинг – көлікті немесе басқа мүлікті ұзақ уақытқа жалға беру түрі. Компания автокөлікті сатып алып, белгіленген мерзімге клиентке пайдалану үшін береді. Жалдаушы ай сайын төлем жасайды, ал келісім мерзімі аяқталған соң үш нұсқа ұсынылады:

Көлікті толық сатып алу – барлық төлемдер бітсе, мүлік иелігіне өтеді.

Көлікті қайтару – мерзім аяқталған соң компанияға тапсырылады.

Жаңа көлікке ауыстыру – бұрынғысын өткізіп, жаңасын лизингпен алу мүмкіндігі.

Мәжіліс депутаты Олжас Құспековтың айтуынша, лизинг автонесиеге қарағанда арзан, себебі клиент көліктің амортизациясына ғана төлейді. АҚШ-та адамдар екі-үш жыл пайдаланып, көлігін жаңасына жиі ауыстырады. Бірақ компания банкротқа ұшыраса, көліктен айырылып қалу қаупі бар.

Қысқы дөңгелек талаптары және айыппұл

Заң бойынша бүгіннен ақпанның соңына дейін қысқы шиналарсыз көлік жүргізуге тыйым салынады.

Алғаш рет ұсталған жүргізушілерге – 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл.

Қайталанса – 39 320 теңге айыппұл.
2026 жылдың 1 қаңтарынан АЕК 4 325 теңгеге өсетіндіктен, айыппұл көлемі де жоғарылайды.

Жаңа әуе рейстері

FlyArystan 1 желтоқсаннан бастап Астана – Үрімші – Астана бағыты бойынша рейстерін қайта жалғастырады. Ұшулар 2026 жылғы 23 наурызға дейін аптасына екі рет орындалады. Бұл бағыт сұранысқа ие, ал Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим жолаушылар ағынын арттыруда.

Таиландтың Thai Air Asia X компаниясы Алматы – Бангкок бағыты бойынша тұрақты әуе қатынасын бастады. Аптасына төрт рейс Airbus A330 ұшағымен орындалады. Компания Алматыдан Берлин мен Манчестерге де рейс ашуға қызығушылық танытып отыр. Бұл бағыттар Қазақстан мен Таиланд арасындағы туризмді жандандыруға сеп болады.

Теміржол бағыттарындағы өзгерістер

14 желтоқсаннан бастап Алматы – Ташкент халықаралық Тальго пойызы күн сайын қатынайтын болады. Тәулігіне 400-ден аса жолаушыға қызмет көрсетіледі.

15 желтоқсаннан бастап Алматы – Петропавл Тальго пойызының қозғалыс кестесі өзгеріп, енді күн сайын емес, күнара жүреді. Бұрын бұл бағыт төрт күнде бір рет қана қатынайтын. Жаңартылған кесте өңірлер арасындағы қатынасты жеңілдетеді. Пойыздарда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындар бар, билетке 50%-ға дейін жеңілдік қарастырылған.

Қауіпсіздік бойынша жаңа шаралар

1 желтоқсаннан ТЖМ мен ІІМ бірлескен «Газбаллон», «Қауіпсіз Жаңа жыл» және «Пиротехника» профилактикалық акцияларын бастайды. Бұл шаралар газ жабдығын пайдалану, пиротехника сату және жаңа жылдық іс-шаралар кезінде өрт қауіпсіздігін сақтау бағытында жүргізіледі.

Stipendium Hungaricum гранттары

1 желтоқсаннан бастап Мажарстанның Stipendium Hungaricum бағдарламасына өтініш қабылдау ашылды. 2026–2027 оқу жылына Қазақстанға төмендегі квоталар бөлінді:

110 — бакалавриат,

90 — магистратура,

30 — интеграцияланған бакалавриат-магистратура,

20 — докторантура.

Грант оқу ақысын, ай сайынғы стипендияны, жатақхананы (немесе жалдамалы пәтерге 40 000 HUF дейін өтемақыны) және медициналық сақтандыруды қамтиды. Басқа шығындар студенттің өз есебінен өтеледі.

Жарқын Омаров
Автордың басқа материалдары