Ұлытау облысында 300 пәтерлі тұрғын үй кешендерінің құрылысы басталды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

1 қыркүйектен бастап Қазақстанда не өзгереді?

1 қыркүйектен бастап Қазақстанда не өзгереді?
Ашық дереккөз

Қыркүйек айында қазақстандықтардың күнделікті өміріне қатысты бірнеше маңызды өзгеріс күшіне енеді. Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде жасанды интеллект элементтері кеңейтіледі, ауыл тұрғындарына жалдамалы баспананы өздері таңдау мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар БЖЗҚ салымшылары үшін жаңа инвестициялық мүмкіндік пайда болады, ал жекелеген азаматтар салық декларациясын тапсыруы керек, деп хабарлайды kznews.kz.

Мектептерде жасанды интеллект оқытыла бастайды

2026-2027 оқу жылынан бастап мектептерде жасанды интеллект технологияларын білім беру процесіне енгізу басталады. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, пилоттық мектептерде оқытуды дараландыруға, оқу нәтижелерін автоматты түрде талдауға және оқушыларға жеке қолдау көрсетуге арналған AI-шешімдер сынақтан өтеді.

Сонымен қатар, мектеп бағдарламаларына жасанды интеллект бойынша жаңа оқу мақсаттары енгізіледі.

Бұған дейін хабарланғандай, бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесіне де өзгеріс енгізіледі. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2-4 сыныптарда қалыптастырушы бағалаудың үлесі артып, оқушының тоқсан ішіндегі күнделікті оқу нәтижесіне көбірек мән беріледі.

Педагогтерді аттестаттау тәртібі сынақтан өтеді

1 қыркүйектен бастап мұғалімдерді аттестаттаудың жаңа тәсілі пилоттық режимде енгізіледі.

Жаңа жүйеде педагогтің біліктілік санатын бағалау кезінде тек тест нәтижесі емес, оның кәсіби қызметіне қатысты басқа да көрсеткіштер ескеріледі. Пилоттық жоба 2026 жылдың соңына дейін жалғасады.

Ауыл тұрғындары жалдамалы баспананы өздері таңдай алады

Тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекте тұрған ауыл тұрғындары өз ауданының аумағындағы қолжетімді жалдамалы баспананы өздері таңдап, оған өтініш бере алады.

Алғашқы өтініштер 1-7 қыркүйек аралығында baspana.otbasybank.kz порталы арқылы қабылданады. Өтініш беру үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет.

Үміткерлерді іріктеу кезінде кезекке тұрған күні, отбасының соңғы алты айдағы табысы, отбасы құрамы және әлеуметтік мәртебесі ескеріледі. 

Сонымен қатар, тұрғын үйдегі бөлмелер санын анықтау тәртібіне қатысты жаңа норма 14 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

БЖЗҚ салымшылары жинағының 100 пайызына дейін ИПБ-не бере алады

7 қыркүйектен бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары үшін маңызды өзгеріс күшіне енеді. Олар міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарының 100 пайызына дейін инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) бере алады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 50 пайыз болған.

Салымшы бірнеше басқарушы компанияны және инвестициялық портфельді таңдай алады. ИПБ-лер консервативті, қалыпты және тәуекел деңгейі жоғары портфельдер ұсына алады.

Бұл мүмкіндік міндетті емес. Азамат жинағын ИПБ-ге бермесе, қаражаты бұрынғы тәртіппен Ұлттық банктің басқаруында қала береді. 

Кейбір азаматтар 15 қыркүйекке дейін декларация тапсыруы керек

Салық мәселесіне де назар аударған жөн. Мемлекеттік кірістер органдарының мәліметінше, жекелеген санаттағы азаматтар 2025 жыл үшін 270.00 нысанындағы кірістер мен мүлік туралы декларацияны 2026 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсыруы қажет.

Бұл талап барлық қазақстандықтарға бірдей қатысты емес. Декларацияны кімдер тапсыруы керектігі Салық кодексінде белгіленген санаттарға байланысты.

Декларацияны электронды түрде тапсыруға болады.

ББҚ-ға цифрлық таңбалау енгізіледі

1 қыркүйектен бастап Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) міндетті цифрлық таңбалау талабы күшіне енеді.

Осы күннен кейін өндірілген немесе Қазақстанға импортталған ББҚ-ның барлығы Data Matrix кодымен таңбалануы тиіс. Бұл өнімнің қозғалысын өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап тұтынушыға дейін бақылауға мүмкіндік береді.

Ал ББҚ айналымын толық электронды бақылау жүйесін іске қосу 2027 жылғы 1 наурызға жоспарланған. 

Қыркүйектегі маңызды күндер

Осылайша, қыркүйекте азаматтар үшін есте ұстайтын бірнеше маңызды күн бар:

1 қыркүйек - жаңа оқу жылы басталады, мектептерде ЖИ технологияларын енгізу кеңейеді, ББҚ-ны міндетті цифрлық таңбалау басталады;

1–7 қыркүйек - ауылдағы кезекте тұрған азаматтар жалдамалы баспанаға өтініш бере алады;

7 қыркүйек - БЖЗҚ жинақтарының 100 пайызына дейін ИПБ басқаруына беру мүмкіндігі іске қосылады;

14 қыркүйек - тұрғын үйдегі бөлмелер санын анықтауға қатысты жаңа норма күшіне енеді;

15 қыркүйек - тиісті санаттағы азаматтар үшін 270.00 декларациясын тапсырудың соңғы мерзімі.

Сондықтан, қазақстандықтарға өздеріне қатысты өзгерістерді алдын ала тексеріп, белгіленген мерзімді өткізіп алмауы керек.

Автор
Жарқын Омаров

C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері kznews.kz тілшісі