Өзгерістер онлайн несие рәсімдеу, жұмыссыздық бойынша төлем, салық, әлеуметтік көмек, депозиттер және коммуналдық тарифтерге қатысты болады.
1 қазаннан бастап Қазақстанда бірқатар жаңа ереже күшіне енеді. Өзгерістер онлайн несие рәсімдеу, жұмыссыздық бойынша төлем, салық, әлеуметтік көмек, депозиттер және коммуналдық тарифтерге қатысты, деп хабарлайды kznews.kz.
Онлайн несие рәсімдеу қиындайды
1 қазаннан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдары интернет арқылы кепілсіз тұтынушылық несие немесе микрокредит рәсімдейтін азаматтарға қосымша сауалнама жүргізеді. Клиенттен несиені кім ұсынғаны және алаяқтардың ықпалына түспегені туралы жеті сұраққа жауап беру талап етіледі. Күдік анықталған жағдайда қаржы ұйымы қосымша тексеру жүргізеді.
Жұмыссыздық бойынша төлем тәртібі өзгереді
1 қазаннан бастап жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемнің ең жоғары мерзімі үш айға қысқарады. Сонымен қатар төлем көлеміне шектеу енгізіледі.
Жаңа тәртіп осы күннен бастап жұмысынан айырылуына байланысты төлем алуға құқығы пайда болған азаматтарға қатысты. Ең жоғары төлем мөлшері жеті ең төменгі жалақының 45 пайызы деңгейінде белгіленеді. 2026 жылғы 85 мың теңге мөлшеріндегі ең төменгі жалақы бойынша бұл сома 267 750 теңгені құрайды.
Жұмыссыз мәртебесін алу мерзімі ұзарады
Азаматтың жұмыс іздеу кезеңі екі күннен 13 күнге дейін ұзартылады. Осы уақыт ішінде мансап орталығы мамандары адамның білімі, тәжірибесі мен дағдыларына сәйкес бос жұмыс орындарын іздейді. Жұмыс іздеуші ретінде мансап орталығы, eGov немесе Enbek.kz арқылы тіркелуге болады.
Мүлік салығын төлеудің соңғы күні
1 қазан – 2025 жыл үшін жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеудің соңғы күні. Салық пәтер, үй, саяжай, гараж, автотұрақ және басқа да жылжымайтын мүлік нысандары мен жер учаскелерінің иелеріне қатысты.
Қарызды eSalyk Azamat және банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексеруге болады.
Валюталық депозиттер бойынша жаңа мүмкіндік
1 қазаннан бастап банктер ұзақ мерзімді жинақ депозиттері бойынша шетел валютасындағы мөлшерлемені жоғарырақ белгілеу мүмкіндігіне ие болады.
Алматыда су тарифі қымбаттайды
Алматыда 1 қазаннан бастап ауызсу мен кәріз қызметтерінің тарифтері өзгереді. Тұрғындар үшін ҚҚС-ты қоса есептегенде бір текше метр су 178,06 теңге, ал су бұру қызметі 119,46 теңге болады. Екі қызметті бірге есептегенде бір текше метрдің құны шамамен 297,52 теңгеге жетеді.
Маңдайша орнатуға жаңа талап
Кәсіпкерлер енді маңдайша орнатпас бұрын оның эскизін әкімдікпен келісуі керек. Бұған дейін хабарлама жіберу жеткілікті болған. Жаңа тәртіп 1 қазаннан бастап қолданылады.
Әлеуметтік көмек жүйесі өзгереді
1 қазаннан бастап азаматтарға әлеуметтік төлемдер жүйесіндегі өзгерістер туралы SMS, eGov Mobile және банктердің мобильді қосымшалары арқылы кезең-кезеңімен ақпарат беріледі.
Мемлекеттік әлеуметтік көмекті барынша атаулы ету көзделіп отыр. Алғашқы кезеңде 36 түрлі төлемнің 14 түрі бойынша жаңа модельге көшуге қажетті нормативтік база әзірленеді.
Қазан айында қазақстандықтарды үш күн қатарынан демалыс күтеді
25 қазан – Республика күні. Биыл бұл мереке жексенбіге түсетіндіктен, демалыс 26 қазанға ауыстырылады.
Осылайша бес күндік жұмыс аптасындағылар 24, 25 және 26 қазан күндері демалады.
Бұдан бөлек, 1 қазаннан бастап төлем ұйымдарына қойылатын талаптар, қаржы өнімдерін басқару және лизинг бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемелеріне қатысты жаңа нормалар да күшіне енеді.