Астанада Қазақстан халық партиясының кезектен тыс съезі өтіп, онда партияның жаңа төрағасы сайланды, деп хабарлайды kznews.kz.
Съезд қорытындысы бойынша партия тізгінін Нұрсұлтан Шоқанов қолға алды. Бұл туралы Қазақстан халық партиясының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Жиында сөз сөйлеген партияның бұрынғы төрағасы Ермұхамет Ертісбаев ұйымдағы басшылықтың ауысуы – кез келген саяси құрылым үшін табиғи әрі қажетті жаңару үдерісі екенін айтты. Оның пікірінше, елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен Конституциялық өзгерістер аясында партиялардың да заман талабына сай жаңғыруы маңызды.
Ермұхамет Ертісбаев жаңа төрағаның тәжірибесіне тоқталып, Нұрсұлтан Шоқановтың партия қатарында ұзақ жылдар еңбек еткенін атап өтті. Оның айтуынша, Шоқанов өңірлік ұйымдарды басқарудан бастап, партияның бірқатар маңызды жобаларын жүзеге асыруға дейінгі барлық жауапты кезеңдерден өткен тәжірибелі саясаткер.
Еске салайық, Ермұхамет Ертісбаев Қазақстан халық партиясының төрағасы қызметіне 2022 жылы келген болатын. Бұған дейін ол Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Ақпарат министрі және Қазақстанның Грузиядағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарған.
Айта кетейік, бұрын «Қазақстан коммунистік халық партиясы» атауымен белгілі болған саяси ұйым соңғы Мәжіліс сайлауында бес депутаттық мандатқа ие болды. Ашық дереккөздердегі мәліметке сәйкес, бүгінде партияның қатарында 100 мыңнан астам мүше бар.