Қоғам

Қазақстан азаматтығына үміткер қазақ тілі мен тарихынан тест тапсырады

Торғын Абушахман Торғын Абушахман
Қазақстан азаматтығына үміткер қазақ тілі мен тарихынан тест тапсырады
Сурет: ашық дереккөз

Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе азаматтығын қалпына келтіру кезінде мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, Конституция негіздерін, сондай-ақ Қазақстан тарихын білу көлемін айқындау бойынша тестілеуді өткізу қағидалары бекітілді, деп хабарлайды kznews.kz.
Қазақстан Республикасының азаматтығына үміткер (бұдан әрі – тестіленуші) білу көлемін айқындау мақсатында тестілеуден өтеді. Қағидалар кәмелетке толмағандарға, әрекетке қабілетсіз адамдарға, Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі бар не Қазақстан Республикасының Президенті белгілейтін тізбе бойынша кәсіптерге ие және талаптарға сай келетін адамдарға, этникалық қазақтарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар негізінде жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқығы бар адамдарға қолданылмайды.

Тестілеу келесі блоктардан тұрады:

1) тілдік білімді бағалау жүйесінің қарапайым деңгейі бойынша қазақ тілін білуін айқындауға арналған тест (қазақ тілінде);

2) Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздері бойынша тест (қазақ немесе орыс тілінде);

3) Қазақстан тарихы бойынша тест (қазақ немесе орыс тілінде).

Тест тапсырмаларының жалпы саны – 100 (жүз), оның ішінде:

1) қазақ тілі бойынша – 30 (отыз), оның ішінде: тыңдалым бөлігі бойынша – 15 (он бес), оқылым бөлігі бойынша – 15 (он бес);

2) Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздері бойынша – 40 (қырық);

3) Қазақстан тарихы бойынша – 30 (отыз).

Тестілеуде ұсынылған төрт жауаптың ішінен бір дұрыс жауап таңдалатын тест тапсырмалары қолданылады. Дұрыс жауап бір балмен бағаланады. Тестілеуге берілетін жалпы уақыт 2 (екі) сағат 10 (он) минутты құрайды. Барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға қосымша 30 (отыз) минут беріледі.

Шекті балл кемінде 50 (елу) балды құрайды, оның ішінде блоктар бойынша:

1) қазақ тілі бойынша – кемінде 15 (он бес) балл;

2) Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздері бойынша – кемінде 20 (жиырма) балл;

3) Қазақстан тарихы бойынша – кемінде 15 (он бес) балл.

Тестілеу күнтізбелік жылдың ақпан және тамыз айларында жылына 2 рет өткізіледі. Тестілеуді өткізу мерзімдері мен пунктін ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

11. Тестіленуші тестілеуге кіргізу кезінде келесі құжаттардың түпнұсқаларының бірін ұсынады:

1) азаматтығы жоқ адамның куәлігі немесе шетелдік паспорт;

2) шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхаты.

Тестілеу қорытындысы бойынша осы қағидалардың 9-тармағында айқындалған шекті балды еңсерген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға осы қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша қазақ тілінде электрондық сертификат беріледі. Шекті балды еңсермеген кезде электрондық сертификат берілмейді. Электрондық сертификат тестілеу аяқталғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді (апелляцияға өтініш берген тестіленушілерді есепке алмағанда) болады.

Электрондық сертификат ҰТО-ның сайтына тестіленушінің жеке сәйкестендіру нөмірін (бұдан әрі – ЖСН) және жеке кодын енгізу арқылы расталады. Электрондық сертификаттың жарамдылық мерзімі берілген күнінен бастап 2 (екі) жылды құрайды.

Бұйрық 2026 жылдың 27 қаңтарынан күшіне енеді.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz