KZNews.kz
Қоғам

Қазақмыс Ұлытау облысын дамытуға 20 млрд теңгеден астам қаржы бөледі

Торғын Абушахман
фото: Қазақмыс баспасөз бөлімі

Ұлытау облысының әкімдігі мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бекітілген жобалар аясында 20 млрд теңгеден астам соманың бастамасын жүзеге асыру жоспарланды, деп хабарлайды kznews.kz.

Құжатқа Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі қол қойды. Серіктестіктің жаңа кезеңі денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларын, өңірдің инфрақұрылымын жаңғыртуды және өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға жайлы жағдай жасауды қамтиды.

Адам капиталын дамыту стратегиялық бағыттың біріне айналады. Меморандум аясында Ұлытау университеті ашылады. Аталған жоба сұранысқа ие мамандарды даярлау мен облыстың жаңа зияткерлік орталығын қалыптастырудың іргетасы болады.

Биыл Жезқазған қаласында өңірдегі ең үлкен орталық мешіттің құрылысы аяқталады. Сәтбаев қаласында жаңа травматологиялық пункт ашылып, өңірде баламасы жоқ «Намыс» балалар мен жасөспірімдер спорт академиясы іске қосылады. 150 орындық интернаты бар спорт кешенінде облыстың түкпір-түкпірінен келген дарынды жас спортшылар жаттығады.

Меморандум қалалық ортаны дамытуға бағытталған жаңа жобаларды іске қосуды қамтиды. Жезқазғанда «Жастар» саябағы мен «Ғарышкерлер» бақжолы және Кеңгір су қоймасының жағалауы абаттандырылып, С. Қожамқұлов атындағы театр күрделі жөндеуден өтеді. Нәтижесінде заманауи қоғамдық кеңістік қалыптасып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа әрі жайлы демалыс орны пайда болады.

«Ulytau» футбол клубын қаржыландыру жалғаса береді. Бұл бастама өңірдің кәсіби спорттағы орнын нығайтып, жастарға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға көмектесу үшін су тарту, сумен және энергиямен жабдықтау жүйелерін жаңғырту бойынша бірқатар жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді.

Қазақмыс корпорациясы үшін Ұлытау облысы стратегиялық маңызы бар өңір болып қала береді. Әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру облыстың тұрақты дамуына тың серпін беріп, инфрақұрылымды нығайтуға және халықтың өмір сүру сапасы мен жастардың әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Торғын Абушахман
Торғын Абушахман – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →