Жезқазғанда «Қазақмыс» корпорациясының 2026 жылға арналған даму жоспары талқыланды, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі. Жиынға компанияның Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі, корпорация басшылығы және кәсіпорындардың еңбек ұжымдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды kznews.kz.
Кездесу барысында корпорацияның алдағы жылға арналған негізгі даму бағыттары айқындалып, стратегиялық басымдықтар бойынша Басқарма төрағасының орынбасарлары баяндама жасады.
Жиында басты назар өндірістік қауіпсіздік мәдениетін дамытуға аударылды. Қызметкерлерге еңбек қауіпсіздігі талаптары сақталмаған жағдайда, сондай-ақ өмір мен денсаулыққа қауіп төнген кезде жұмысты тоқтатуға құқық берілетіні ескертілді.
2026 жылға арналған өндірістік қауіпсіздікті күшейту жоспары аясында бірқатар шара қарастырылған. Олардың қатарында қауіпсіздікке бағытталатын инвестиция көлемін ұлғайту, арнайы киімнің бірыңғай стандартын енгізу, оқыту бағдарламаларын жетілдіру, коммуникациялық және ынталандыру тетіктерін дамыту, медициналық тексерулерді автоматтандыру және рәсімдерді біріздендіру бар.
Сонымен бірге минералдық-шикізаттық базаны кеңейту және геологиялық барлау жұмыстарын дамыту мәселелері талқыланды. 2025 жылы Micromine компаниясы бес кеніште геологиялық-маркшейдерлік жұмыстарға аудит жүргізген. Оның нәтижесінде Micromine Advance оқыту бағдарламасын енгізу, литологиялық және гидрологиялық модельдер әзірлеу, Geobank жүйесімен жұмыс істеуді үйрету және цифрлық құралдарды дамыту туралы шешім қабылданды.
Жиында өндірістік техниканы әр 3–5 жыл сайын жоспарлы түрде жаңарту, техника паркін біріздендіру, сондай-ақ жабдықтарды жеткізу мен сервистік қызмет көрсету бойынша стратегиялық серіктестерді анықтау мәселелері де қаралды.
Бұдан бөлек, геологиялық және маркшейдерлік бөлімшелер үшін ескі ғимараттардың орнына жаңа әкімшілік-тұрмыстық кешен салу ұсынысы талқыланды.
Жезқазғанда орналасқан Орталық Азиядағы алғашқы Геологиялық кластердің жұмысына да ерекше назар аударылды. Жалпы аумағы 14 мың шаршы метрден асатын кешен 200 жұмыс орнына арналған. Оның құрамына оқу орталығы, кітапхана, жатақхана, ALS аналитикалық зертханасы, Colorado School of Mines университетімен бірлесіп құрылған геофизикалық зертхана, мұражай, кеңсе ғимараты, жөндеу-механикалық цех және керн сақтау қоймасы кіреді.
2026 жылға арналған өндірістік жоспарға сәйкес, корпорация 31,6 млн тонна кен өндіруді және шамамен 33 млн тонна кенді өңдеп, мыс концентратын шығаруды жоспарлап отыр.
Алдағы кезеңде Жезқазған, Қарағанды және Балқаш өңірлеріндегі кеніштерде, сондай-ақ Шатыркөл–Жайсаң кластерінде бірқатар даму жобалары жүзеге асырылады. Бұл жобалар өндіру көлемін тұрақтандыруға, геомеханикалық тұрақтылықты арттыруға және кен орындарын пайдалану мерзімін 2032–2052 жылдарға дейін ұзартуға бағытталған.
Экологиялық мәселелер де корпорацияның басты басымдықтарының бірі болып қала береді. Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасы аясында Жезқазған мыс балқыту зауытында 34, ал Балқаш мыс балқыту зауытында 28 экологиялық шара іске асырылмақ. Бұл жұмыстар зиянды шығарындыларды ең үздік қолжетімді технологиялар талаптарына сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Негізгі жобалардың қатарында Жезқазған және Балқаш мыс балқыту зауыттарында екі күкірт қышқылы цехын салу жоспары бар. Бұл нысандар ең үздік қолжетімді технологиялар талаптарына қол жеткізудегі маңызды қадам болмақ. Кешендер зиянды шығарындыларды айтарлықтай азайтып, заманауи экологиялық технологияларды енгізуге және өндірістік қуатты арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Балқаш мыс балқыту зауытын жаңғырту мәселесі қаралды. Жаңа зауыттың құрылысы катодты мыс өндірісін жылына 300 мың тоннаға дейін жеткізіп, Қазақстандағы барлық қолжетімді концентратты өңдеуге мүмкіндік береді.
Кездесу соңында жұмыскерлерді әлеуметтік қолдау мәселелері сөз болды. 2026 жылы әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға шамамен 11,9 млрд теңге бөлу жоспарланған.
Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі кәсіпорын өндірістік үдерістердің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, еңбек ұжымдары алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындап отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, әрбір қызметкердің әл-ауқатын арттыру бағытындағы жоспарлы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.