Жамбыл облысының 2026 жылғы бюджетіне республикалық және басқа деңгейдегі бюджеттерден түсетін трансферттердің көлемі 596,96 млрд теңге болып бекітілген болатын. Оның ішінде республикалық бюджеттен 553,25 млрд теңге, аудандық және Тараз қаласының бюджеттерінен 43,71 млрд теңге түседі деп болжанған. Ал республикалық бюджеттен берілетін субвенцияның өзі 494,32 млрд теңгені құрайды.
Бұл көрсеткіштер облыс экономикасының бюджет кірістерін қалыптастыруда орталықтан бөлінетін қаражатқа едәуір тәуелді екенін көрсетеді.
Алайда, мәселе бюджетке қанша қаражат түскенінде ғана емес, осы бөлінген қаржының өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға, халықтың табысын өсіруге және әлеуметтік мәселелерді шешуге қаншалықты ықпал етіп отырғанында болса керек.
Енді ашық дереккөздердегі мәліметке қарайық. Жамбыл облыстық мәслихатының биылғы 5 - мамырдағы №33-2 шешімінде облыс бюджетінің кірісі 653,99 млрд теңге, шығысы 655,56 млрд теңге көлемінде көрсетілген. Оның ішінде трансферттердің үлесі 596,96 млрд теңге екен. Демек, жоспарланған бюджет кірісінің шамамен 91,3 пайызы трансферттер есебінен қалыптасады деген сөз. Қалған кірістердің құрылымы да назар аудартады. Салық түсімдері 31,58 млрд теңге, салықтық емес түсімдер 16,96 млрд теңге, негізгі капиталды сатудан түсетін қаражат шамамен 17 млн теңге, арнаулы түсімдер 8,47 млрд теңге көлемінде жоспарланған.
Осы жерден салықтық және салықтық емес түсімдерді қосқанда, облыстың осы екі санаттағы кірісі 48,54 млрд теңге болатынын көреміз. Бұл трансферттердің көлемінен әлдеқайда аз.
Әрине, бұл сандарға қарап облыста экономикалық белсенділік жоқ деп кесіп айтуға болмайды. Өйткені, кәсіпорындар мен тұрғындар төлейтін салықтардың бір бөлігі республикалық бюджетке түседі, ал өңірлік бюджетке қалатын түсімдер қолданыстағы бюджет заңнамасына байланысты қалыптасады. Сондықтан жергілікті кірістердің төмен үлесін бағалағанда салықтардың бюджеттер арасында бөліну тәртібін де ескеру қажет болады.
Сонымен бірге мысалға алынған бюджет құрылымы облыстың өз кірістері арқылы барлық шығынын қаржыландыру мүмкіндігі шектеулі екенін көрсетеді. Яғни, республикалық қолдау қысқарса немесе трансферттер кешіксе, өңірдің жоспарланған міндеттемелерін орындауы қиындай түсуі ықтимал.
Айтпақшы, осы жерде облысқа бөлінген 494 млрд теңге субвенция мен 553 млрд теңге трансферттің аражігін ажыратып алу керек сияқты. Дерекке жүгінейік. 2025 жылғы 8 желтоқсанда қабылданған №238-VIII заңға сәйкес, Жамбыл облысына 2026 жылы 494 млрд 317 млн 250 мың теңге бюджеттік субвенция қарастырылған. Бұл республикалық бюджеттен облыс бюджетіне берілетін қаржылық қолдау екенін көріп отырмыз. Ал облыстық бюджеттегі республикалық бюджеттен түсетін барлық трансферттің көлемі 553,25 млрд теңге. Екі көрсеткіштің айырмасы шамамен 58,94 млрд теңге. Бірақ, ьұл айырманы қосымша субвенция деп атауға болмайды. Ол өзге трансферттерді, соның ішінде нысаналы сипаттағы қаражатты қамтуы мүмкін. Ал бізге керегі субвенция мен нысаналы трансферттердің айырмашылығы болатын. Яғни, субвенция өңірдің бюджет кірістері мен шығыстары арасындағы жалпы теңгерімді қолдауға бағытталса, нысаналы трансферттер нақты міндеттер мен жобаларды қаржыландыруға бөлінеді. Дегенмен, бұл қаржының барлығы негізінен аймақтағы әлеуметтік салаға бағытталғаны анық.
Жамбыл облысы әкімдігінің осы жылғы қаңтар - тамыз айларындағы әлеуметтік - экономикалық даму қорытындысында бюджет шығыстарының түзетілген жоспары 839,8 млрд теңгеге жеткені көрсетілген. 1 - қыркүйектегі жағдай бойынша бюджет шығыстары 511,5 млрд теңгені немесе сол кезеңге арналған жоспардың 98 пайызын құраған. Оның 343 млрд теңгесі әлеуметтік салаға бағытталған. Бұл есепті кезеңдегі әлеуметтік шығыстардың 99,5 пайызға орындалғанын білдіреді.
Талдау деректеріне сүйенсек, облыстағы әлеуметтік шығыстардың басым бөлігі білім беруге тиесілі екен. Әкімдік мәліметінде 2026 жылы білім беру саласына 411,8 млрд теңге бөлінгені, ал 1 қыркүйекке дейін 283,9 млрд теңге игерілгені көрсетілген. Сонымен қатар ауыл шаруашылығына 33,8 млрд теңге субсидия қарастырылып, оның 29,6 млрд теңгесі игерілген. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау мен жөндеуге 23,5 млрд теңге бөлініп, 1 - қыркүйекке дейін 14,6 млрд теңге жұмсалған.
Бұл көрсеткіштер бюджет қаражатының білім беру, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым сияқты бағыттарға жұмсалып жатқанын көрсетеді. Бірақ, қаржының игерілу деңгейі мен оның нақты нәтижесі бірдей ұғым емес. Мәселен, білімге бөлінген қаражаттың қаншасы мектептердің материалдық базасын жақсартуға, үш ауысымды оқытуды азайтуға, мұғалім тапшылығын шешуге немесе білім сапасын көтеруге әсер еткені бөлек бағалануы керек.
Сол сияқты жол жөндеуге бөлінген қаржыны игеру көрсеткіші жөнделген жолдардың сапасын, қызмет ету мерзімін немесе шалғай елді мекендерге қатынаудың жақсарғанын өздігінен дәлелдемейді.
Өкінішке қарай, бюджет шығыстарының көп бөлігі әлеуметтік бағытқа жұмсалатынына қарамастан Жамбыл облысындағы демографиялық көрсеткіштер мен жұмыссыздық деңгейі ерекше назар аудартады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы қаңтар - тамызда айларында өңірден кеткендер мен келгендер арасындағы айырма 13 777 адамды құраған. Оның ішінде ішкі көші-қонның теріс сальдосы 13 745 адам болса, сыртқы көші-қон бойынша бұл көрсеткіш 32 адам ғана болды. Ал өткен сегіз айда туғандар балаоардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 570 адамға азайған. Бұл да демографиялық ахуалдың мәз емес екенін көрсетеді.
Осы жерде адамдардың аймақтан үдере көшуінің негізгі себебі ретінде жұмыссыздық пен табыстың төмендігін қарастыруға тура келеді. Ресми статистика 2026 жылдың екінші тоқсанында облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз болғанын айтады. Ал нақты жалақы индексі 95,7 пайыз шамасында болған. Яғни баға өзгерісін ескергендегі жалақы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама төмендеген.
Сондай-ақ, облыстың өткен сегіз айдағы әлеуметтік-экономикалық есебінде бірінші тоқсанда 62 042 адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болғаны көрсетілген. Бұл жергілікті халықтың 5,1 пайызына тең. Айтпақшы, осы есепте өзін-өзі жұмыспен қамтыған 136 449 адамның тіркелгені де жазылған. Бұл биылдыққа барлық жұмыспен қамтылғандардың 27,3 пайызына тең екен.
Жоғарыда аймақта экономикалық өсім бар дедік. Яғни, ол өсімнің бюджетке әсерін бөлек бағалау қажет.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы қаңтар - қыркүйек айлары аралығында Жамбыл облысында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,1 трлн теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,1 пайызға өскен. Негізгі капиталға салынған инвестициялар да өсім көрсетіп, қаңтар - қыркүйек қорытындысында олардың көлемі 721,9 млрд теңгеге жеткен.
Бұл өңір экономикасында өндіріс пен инвестициялық белсенділіктің артып келе жатқанын көрсететін белгілер. Алайда, өнеркәсіп өндірісінің өсуі бюджет кірістерінің де дәл сондай қарқынмен артқанын білдірмейді екен Ол үшін облыстық бюджетке түсетін салықтардың нақты динамикасын, кәсіпорындардың салық базасын және салық түсімдерінің бюджеттер арасында бөлінуін салыстыру керек болады. Әкімдіктің мәліметі бойынша, 1 - қыркүйекке дейін мемлекеттік бюджетке Жамбыл облысынан 221,5 млрд теңге салықтар мен міндетті төлемдер түскен. Оның 73,3 млрд теңгесі республикалық бюджетке, 148,3 млрд теңгесі жергілікті бюджетке тиесілі болған. Жергілікті бюджетке түсетін түсімдер болжамның 101,2 пайызына жеткен. Бұл дерек жергілікті кірістердің жоспардан жоғары орындалғанын көрсетеді. Бірақ, осы көрсеткішті облыстық бюджеттің 31,58 млрд теңгелік салық түсімі жоспарымен тікелей салыстыруға болмайды. Яғни, мемлекеттік бюджетке түскен салықтар мен облыстық бюджеттің кірістері әртүрлі есептеледі.
Жалпы, Жамбыл облысының бюджетіне республикалық деңгейден бөлінетін қаражат өңірдің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға, инфрақұрылымын дамытуға және мемлекеттік қызметтерді қаржыландыруға мүмкіндік береді. Былайша, орынды-ақ. Бірақ, ұзақ мерзімді тұрғыдан алғанда республикалық қолдаудың үлкен үлесі жергілікті кірістердің тұрақтылығына қатысты сұрақ туғызады. Егер өңірдің бюджеті жыл сайын орталықтан келетін қаражатқа сүйенсе, онда экономикалық өсімнің жергілікті бюджетке қаншалықты пайда әкеліп жатқаны екінші орында қала бермек.
Тоқетерін айтқанда, Жамбыл облысының 2026 жылғы бюджеті бір жағынан әлеуметтік міндеттемелерді орындауға және экономиканы дамытуға мүмкіндік беретін елеулі қаржы көлемін қамтиды. Екінші жағынан, кірістердің шамамен 91,3 пайызы трансферттерден қалыптасуы өңірдің бюджет құрылымында республикалық қолдаудың басым екенін көрсетеді. Әрине, бұл жағдайды тек субвенция көлеміне қарап бағалау жеткіліксіз. Негізгі әңгіме бөлінген қаржының халықтың өмір сапасына, өңірдің экономикалық мүмкіндігіне және жергілікті кірістердің тұрақтылығына қатысты болуға тиіс.
Болмаған жағдайда облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің де жұмысын бағалауға қатысты сұрақ көбеюі мүмкін. Өйткені, әкімнің қазіргі басқару саясаты аймақтың экономикалық тұрғыдан дербестігін қамтамасыз етуге жеткіліксіз болып отыр. Бұлай деп кесіп айтуға жоспарланған бюджет кірісінің шамамен 91,3 пайызы трансферттер есебінен қалыптасқаны түрткі болып отыр.