Қазақстанның пайдалы қазбалар қорына әлемнің алпауыт елдері шындап қызығушылық танытып отырған сияқты. Бұған дейін елдегі ірі кен орындарының негізгі инвесторы ретінде Ресей мен Қытай жиі аталып келген болса, енді АҚШ тарапынан да ашық қадам жасалуда.
Бұл ірі державалар тарапынан Қазақстанға ғана емес, тұтас Орта Азия аймағындағы табиғи байлық көздерін игеруге деген қызығушылықтың басы болса керек. Яғни, мемлекеттер арасындағы бәсекенің ендігі нысанасы біздің аймаққа ауғаны анық. Әлбетте, бұл қадамға қуану керек. Өйткені, бұған дейін Қазақстандағы стратегиялық кен орындарына негізінен ресейлік және қытайлық компаниялар белсенді қатысып келсе, енді америкалық капитал да ашық түрде кіре бастады.
Financial Times басылымының жазуынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары басқаратын компания еліміздің вольфрам өндірісіне ірі инвестиция құймақ. Дереккөздің мәліметінше, 2025 жылдың тамызында Эрик және кіші Дональд Трамп екеуі Қазақстан нарығына ресми түрде кірген. Ағайындылар Dominari Securities еншілес компаниясы басқаратын арнайы құрылым арқылы Қазақстанға бағытталған Skyline Builders құрылыс компаниясынан үлес иеленген. Алайда, елге бағытталған инвестиция көлемі жарияланған жоқ.
Ал америкалық компанияның вольфрам нарығындағы үлесі туралы әңгіме былтырғы 22 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ президенті Дональд Трампқа қарата айтқан сөзі дәлелдей түседі. Онда Мемлекет басшысы бірлескен Cove Kaz Capital инвестициялық тобына ірі вольфрам жобасын беруге ниеті екенін жеткізген болатын. Бұл топ аталған жоба үшін қытайлық және ресейлік қатысушылармен бәсекеге түсіп, жеңіп шығыпты. Сол жылғы қазан айының соңында Трамптың ұлдары шамамен 24 млн доллар көлеміндегі акция орналастыруға қатысып, Skyline компаниясындағы үлесін ұлғайтты. Сондай-ақ, 31-қазанда аталған компания Азиядағы стратегиялық минералдар активтерімен айналысатын Kaz Resources құрылымның 20 пайыз үлесін сатып алуға келіскен.
Ал биылғы 30 сәуірде Cove Kaz Capital мен Kaz Resources компаниялары Skyline компаниясымен бірігу туралы келісім жасаған. Жаңа компания халықаралық Nasdaq биржасында "Kaz Resources" тикерімен өз акциясын саудалауды жоспарлап отыр екен.
Financial Times басылымы бұған дейін АҚШ-тың "Экспорт-импорт" банкі мен "Халықаралық дамуды қаржыландыру" корпорациясы Қазақстанның орталығындағы Northern Katpar және Upper Kairakty жобаларын қаржыландыруды мақұлдағаны туралы жазған еді. Бұл қаржыландырудың көлемі 1,6 млрд долларға дейін жетпек. Ал қазір Cove Kaz компаниясы аталған жобалардың 70 пайызын бақылауда ұстап отыр.
Айтпақшы, америкалық Cove компаниясының басшысы Альтаус басылымға Қазақстандағы жобаларды алу кезінде АҚШ президентінің әкімшілігінен, соның ішінде президенттен, мемлекеттік хатшы Рубиодан және Сауда министрі Латниктен "тікелей қолдау" болғанын да айтқан көрінеді.
Жалпы, вольфрам әскери өндіріс, авиация, электроника және жоғары технология салаларында қолданылатын стратегиялық металл санатына жатады.
Ал Қазақстан вольфрам қоры бойынша әлемдегі жетекші елдердің қатарына кіреді. Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда, ел аумағында вольфрамның 16 кен орны бар. Оның ішінде он екі кеніш ірі өндірістік қор ретінде есепке алынған. Олардың жалпы қоры 2 млн тоннадан астам вольфрам триоксиді деп бағаланады. Ірі кен орындарының қатарында Жоғарғы Қайрақты, Солтүстік Қатпар, Қараоба және Бұғыты кен орындары бар. Ал АҚШ тарапынан Жоғарғы Қайрақты мен Солтүстік Қатпар жобаларына қызығушылық күшейіп отыр екен.