Қазақстанның халық әртісі, аңыз актер Асанәлі Әшімов жастық шағынан бастап күнделік жүргізіп отырған. Соңғы күндері желіде оның әр жылдары жазған жеке жазбалары таралып, оқырманды бейжай қалдырмады. Сақталған күнделік беттері өнер иесінің ішкі жан дүниесін, өмірге, қоғамға, тағдырға деген көзқарасын бар болмысымен ашып көрсетеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Күнделіктерінде актердің қуанышы мен қасіреті, шығармашылық ізденісі, елге деген назары, жеке трагедиялары мен ауыр тағдырлы сәттері еш боямасыз, шынайы түрде көрініс тапқан.
01.01.1985
Биыл жалпы Шоқанның жылы. Тағы да күнделік бастадым. Студент кезімде 13 дәптерім болған. Жоғалды. Салақтық.
25.05.1992
…Телефон арқылы Оралхан Бөкеевпен біраз жылы сөз айтыстық. "Газетті творчествосы таусылған біреуге тапсырып, жазуға кіріссем деймін" дейді. Бірақ мансап деген пәле қазаққа дерт боп жабысқан, айырылғысы келмейді.
10.06.1992
Қазақ өлген адамды шығарып салудан мықты. Тірісінде соның 3 пайызы болса…
14.03.1993
Мюнхень. Майра ауруханада. Ес-түссіз. Бүгін отау құрғанымызға 35 жыл. Қасымда ұлым Мәди.
11.01.1994
Кино үйі. Депутаттыққа ұсынған екен. Соған отказ беруге бардым.
06.03.1997
Баспасөз министрі Алтынбек Сәрсенбаевқа бардым. Фотоальбомымды шығаруға көмектесетінін, орынбасары Әлібек Асқаровқа тапсырғанын айтып, жүректі жібітті.
01.01.1999
Мәдидің дүниеден өткен күн. Адал да, ақылды баламды жоғалтып, сорлап қалған қаралы күн.
01.09.1999
"Үйдің берекесі әйелге байланысты" дегенге көзім толық жетті.
18.10.1999
Сағиым үйге келіп, апаммен әңгімелесіп отырғанында келдім. Таңданып: "Мұндай уақытта келе бермеуші едің" дедім. "Аға, қонғалы келдім" деді. Ваннага түсіп, бөлек бөлмеге төсек салып жатып қалды. Содан тұрмай қалды ғой, құлыным. Мен үшін жұмбақ.
06.12.2000
"Тарлан" деген сыйлық ойлап тауып, енді, әсіресе, талантсыздарды жүгіртіп қойды.
24.01.2001
Қазақтың тамақ пен бос әңгімеге жаны құмар.
15.03.2003
Ауруханаға соғып Бағдатты үйге алып кеттім. Бағдаттың инициативасы. Үйдің берекесін кіргізетін әйелдер болады, Майра сияқты. Бұл да солай-ау деймін. Дай бог!