Белгілі блогер әрі кәсіпкер Бейбіт Әлібеков әлеуметтік желіде тараған әкесі Бақыт Әлібековтің даулы жазбаларына қатысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұған дейін Бақыт Әлібековтің Facebook парақшасындағы жазбалардың скриншоттары әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің наразылығын тудырған болатын. Жазбаларда түрлі елдерден әкелінетін тауарларды тұтынатын азаматтарға қатысты өткір әрі қорлайтын пікірлер айтылған. Сондай-ақ автор Батыс елдерін қолдайтын адамдарға да сын айтқан.
Осыдан кейін желі қолданушылары Бейбіт Әлібековтен әкесінің сөздеріне қатысты түсініктеме беруді сұраған.
Кәсіпкер өз жазбасында әкесінің көзқарасын қолдамайтынын ашық айтты. Сонымен қатар оның пікірлері мен өзінің ұстанымын бір-бірімен байланыстырмауды өтінді.
«Әкемнің көзқарастары мен пікірлерін ешқашан қолдаған емеспін және бұл туралы бірнеше рет ашық айттым. Әкем және мен – екі бөлек тұлғамыз. Әр адамның өз ұстанымы мен пікіріне құқығы бар. Бірақ мен тек өз сөзіме, іс-әрекетіме және көзқарасыма ғана жауап бере аламын», – деп жазды Бейбіт Әлібеков.
Ол ата-анасы мен баласының ересек жасқа жеткеннен кейінгі жауапкершілігі екі бөлек мәселе екенін атап өтті. Оның пікірінше, адамның ата-анасының сөзі мен әрекеті үшін баласын жауапты ету дұрыс емес.
Бейбіт Әлібеков сондай-ақ өзінің жеке өмірі, көзқарасы мен шешімдері үшін толық жауап беруге дайын екенін жеткізді.
«Баласы әкесінің айтқан сөзі немесе жасаған әрекеті үшін жауап беруге тиіс емес деп ойлаймын. Менің өз пікірім, өз өмірім және өз жауапкершілігім бар. Ол үшін толықтай жауап беруге дайынмын», – деді ол.
Осылайша кәсіпкер әкесінің әлеуметтік желідегі пікірлері оның жеке ұстанымын білдірмейтінін айтып, қоғамды екі тұлғаның көзқарасын араластырмауға шақырды.