Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту аясында жаңа билік құрылымының негізгі қағидаттарын жариялап, Қазақстан президенттік республика мәртебесін сақтайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Президент сөзін мемлекеттік биліктің жаңа құрылымын қалыптастыру мәселесінен бастады. Оның айтуынша, қазіргі шақырылым депутаттары заң шығару саласында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізіп, елдегі конституциялық реформалардың жүзеге асуына айрықша үлес қосты.
«Осы шақырылымдағы Парламент депутаттары заң шығару ісінде сапалы жұмыс атқаруымен есте қалады. Депутаттар корпусы өз қызметінде бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсетті. Сіздер Әділетті Қазақстанның негізін қалау үдерісіне, сондай-ақ Конституцияны әзірлеп, қабылдауға зор үлес қостыңыздар», – деді Президент.
Мемлекет басшысы депутаттардың жаңа Конституцияны әзірлеу мен заңнаманы қысқа мерзімде соған бейімдеу бағытындағы еңбегін ерекше атап өтті.
Президенттің айтуынша, қабылданған реформалардың нәтижесінде мемлекеттік биліктің жаңа институционалдық моделі қалыптасты.
«Нәтижесінде мемлекеттік биліктің "Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет" деген базалық формуласы толыққанды институционалдық мәнге ие болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар ол Қазақстанның басқару формасы өзгермейтінін нақты айтты.
«Қазақстан президенттік республика болып қала береді. Мұны түсіну, ескеру өте маңызды. Президент – мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы, Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы, елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, жаңа Құрылтайдың негізгі міндеті – заң шығару процесін жеделдету, артық бюрократиялық кедергілерді жою және цифрлық технологияларды кеңінен енгізу болады.
Ол жасанды интеллект пен цифрландыру дәуірінде заңнаманы жаңа талаптарға бейімдеу ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
«Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде Құрылтай ұлттық заңнаманы тез өзгеріп жатқан цифрлық матрица жағдайына шұғыл бейімдеуі қажет. Қазақстанның жаһандық бәсекеге қаншалықты дайын екені осыдан көрінеді», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ елімізде толыққанды e-Parliament жүйесін қалыптастыру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, жаңа депутаттар заң жобаларын әзірлеуде Үлкен деректерді пайдаланып, шешімдердің экономикалық және әлеуметтік салдарын алдын ала модельдеуге басымдық беруі тиіс.
Мемлекет басшысы маңызды заң жобалары сарапшылар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен ашық талқылануы қажет екенін айтып, цифрлық құралдар қоғамдық диалогты күшейтуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
«Құрылтай жалпыұлттық деңгейдегі ашық диалог алаңы ретінде қызмет етіп, қоғамды толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударуы қажет. Азаматтардың дәйекті өтініштері міндетті түрде ескеріліп, нақты шешімдер қабылдануға тиіс», – деп түйіндеді Президент.