Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін сотта қылмыстық іс материалдарын зерттеу барысында ғимарат қасбетінің не себепті опырылғаны туралы техникалық қорытынды жарияланды, деп хабарлайды kznews.kz.
Мемлекеттік айыптаушы Нұрдәулет Әбуов сарапшылар дайындаған техникалық қорытындыны оқып берді. Құжатта қайғылы жағдайға әкеп соққан негізгі себептер егжей-тегжей көрсетілген.
Сарапшылардың тұжырымы бойынша, қасбеттің опырылуына бір ғана ақау емес, бірнеше құрылымдық кемшілік пен сыртқы көпқабатты қабырғаларды кірпішпен қалау технологиясының бұзылуы себеп болған. Әсіресе бойлық және көлденең шеткі қабырғалар түйіскен тұстар мен қасбеттің қаптама қабаты аса қауіпті болған.
Тексеру кезінде жобада қарастырылған монолитті армирленген белдеулердің салынбағаны, арматуралық торлардың мүлде болмағаны немесе талапқа сай орнатылмағаны анықталған. Бұдан бөлек, қаптама қабатын негізгі қабырғаға бекіту дұрыс орындалмаған, кірпіш арасындағы жіктер ерітіндімен сапасыз толтырылған, кей жерлерде бос саңылаулар қалған.
Сарапшылар сондай-ақ ені үлкен жарықтарды, қалау қабаттарының арасындағы саңылауларды және қаптамаға түсетін салмақты дұрыс бөлуге мүмкіндік бермейтін құрылымдық шешімдерді анықтаған.
Мамандардың айтуынша, қасбеттің опырылуы бір мезетте пайда болған жергілікті ақаудан емес, ұзақ уақыт бойы жиналған деформациялар мен зақымдардың салдарынан болған.
Техникалық қорытындыда жобалық және құрылыс нормаларынан елеулі ауытқулар да көрсетілген. Мәселен, жобада қарастырылған монолитті армирленген белдеулер жасалмаған, жылу оқшаулағыштың түрі ауыстырылған және кей жағдайларда қолдануға шектеу қойылатын силикат кірпіш пайдаланылған. Сонымен бірге кірпіш қалауын армирлеу және байланыстыру талаптары сақталмаған.
“Опырылудың алдын алуға болатын еді”
Сарапшылардың тұжырымына сәйкес, ақаулар дер кезінде анықталып, дұрыс бағаланып, тиісті шаралар қабылданғанда, апаттың алдын алуға мүмкіндік болған.
Сотта 2017 жылдың өзінде ғимарат қабырғалары түйіскен тұстарда жарықтар және қаптама қабатының жергілікті зақымдары тіркелгені айтылды.
Мамандар сол кезде ғимаратқа тұрақты бақылау жүргізіліп, арнайы құралдармен толық техникалық тексеру жасалып, қауіпті аумақтарға адамдардың кіруі шектеліп, күшейту жобасы әзірленіп, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгенде, опырылу қаупін айтарлықтай азайтуға немесе мүлде болдырмауға болатын еді деп санайды.
Ал құрылымдық ақауларды жоймай ғимаратты әдеттегідей пайдалана беру оның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаған.
Қасбет бір күнде емес, жылдар бойы әлсіреген
Сарапшылар нақты қай минутта және қандай ретпен бұзылу басталғанын анықтау мүмкін болмағанын айтады. Дегенмен техникалық белгілер қирау процесінің ұзақ уақыт бойы біртіндеп дамығанын көрсеткен.
Алдымен қабырғалар мен қаптама қабаты түйіскен жерлерде жарықтар пайда болып, уақыт өте үлкейген. Кейін кірпіш қабаттарының бір-бірімен байланысы әлсіреп, саңылаулар мен деформациялар көбейе бастаған.
Одан кейін кірпіш қалау ылғалданып, қыста қатып, жібіп отырған. Соның салдарынан қаптама қабаты мен негізгі көтергіш қабырғаның байланысы одан әрі нашарлаған. Ақырында қаптаманың бір бөлігі тұрақтылығын жоғалтып, опырылған.
“Зақымдардың сипаты алдын ала еш белгісіз, кенеттен болған қирауды көрсетпейді”, – делінген сараптама қорытындысында.
Қауіп әлі де бар
Сарапшылар осындай құрылымдық ақаулары бар басқа учаскелердегі қауіп деңгейін де жоғары деп бағалаған.
Бойлық және көлденең шеткі қабырғалар түйіскен кей бөліктер апат алдындағы жағдайда деп танылған. Сондай-ақ дер кезінде жөндеу және күшейту жұмыстары жүргізілмесе, қасбеттің басқа тұстарында да қаптама кірпіштердің опырылу қаупі бар екені анықталған.
Сондықтан күшейту жұмыстары толық аяқталғанға дейін мамандар қауіпті аумақтарды қоршауда ұстауды, адамдар мен көліктерді қасбет элементтері құлауы ықтимал жерлерге жібермеуді және ғимаратқа тұрақты аспаптық мониторинг жүргізуді ұсынған.
Еске салайық, 18 тамызда Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі басталғаны туралы жазған едік. Іс бойынша Ұлдана қаза тапқан үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қылмыстық кодекстің "міндеттеріне адал қарамау" бабы бойынша айып тағылған. Айыпталушы сотта өзіне тағылған айыппен келіспейтінін және кінәні мойындамайтынын мәлімдеді.
Алғашқы сот отырысында марқұмның бұрынғы күйеуі жәбірленуші мәртебесінен бас тартқысы келетінін мәлімдеді. Алайда сот оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.
Айта кетейік, марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі қайғылы оқиғадан 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтеріп, көптің сынына қалған еді.
20 тамыздағы сотта жәбірленуші ретінде танылған марқұмның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел әкімдік берген 20 миллион теңгенің қайда жұмсалғанын айтып берді. Ол өтемақының 4,5 миллион теңгесін Ұлдананың анасына бергенін мәлімдеген еді.
Мән-жайы
Еске салайық, фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған сәтте көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.
Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады.