“Табиғаттың тәніне түскен ұшқын, талмау жерден тиеді маған келіп”. Қазба байлыққа көміліп жатқанымызбен, ел экологиясын одан сайын кірлетіп жатқанымыз бар. Арал мен Каспийдің мәселесін әр жиын-кеңесте жария қылып, талқыға салсақ та, бір реті болар емес. Жабылып қолға алайық десек те, басынан шіріген балықтай, бір құмалақ бір қарын майды шіріткендей, қара алтынға қарық боп жатқан шенділер кесірін тигізіп жатыр. Салдарын білмейді емес, біледі. Тек қолымен жасағандарын мойнымен көтеруден қашқақтайды, деп жазады kznews.kz.
Соңғы жылдары шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстандағы ең ірі мұнай жобаларының бірі – Қашаған кен орнының экологияға ықпалы туралы сын мақалалар жиілей түсті. Қайсыбірін айтайық, атақты басылымдар бір-бірінен асып түсетін материалдарын толассыз жариялауда. Әсіресе, Солтүстік Каспийдің экологиялық қасіреті қан қақсатып тұр. Талаптардың сақталмауы, өндіріс барысында жиналған күкірт қауіпсіздігі және осыған байланысты миллиардтаған айыппұлдар мен сот дауларына қатысты әңгімелер күннен-күнге өріп барады. Бұл сындар,шын мәнінде,Каспий экожүйесіне төнген нақты қатер ме, әлде ірі экономикалық жобалар айналасындағы құқықтық және саяси текетірестің бір көрінісі ме, кім білсін?
Эколог-маман, қоғам белсендісі Айгүл Соловьёва бұған дейін қазақстандық БАҚ-қа берген пікірінде Каспий экожүйесінің нәзіктігін атап өткен еді. Оның айтуынша:
«Каспий – жабық су айдыны, мұнда кез келген өндірістік қателік ұзақ мерзімді экологиялық салдарға алып келеді. Сондықтан ірі мұнай жобаларында “кейін түзетеміз” деген ұстаным болмауы керек».
Шетелдік БАҚ-тың ішінде Қашаған мәселесін қозғағандардың бірі - Bloomberg агенттігі. Агенттік бірнеше мақаласында North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы экологиялық талаптарды бұзды деген айыптарды айна-қатесіз, егжей-тегжейлі сипаттап берген. Негізгі дау күкіртке тікелей байланысты. Қашаған кен орнындағы мұнайдың құрамында күкіртті сутек аса мол екені баршаға мәлім, ал оны өңдеу барысында миллиондаған тонна қалдық қордаланған. Bloomberg деректеріне қарағанда, жобаның операторлары рұқсат етілген мөлшерден әлдеқайда артық күкіртті ашық алаңдарға жинақтаған. Қазақстан билігі бұл әрекетті экологиялық қатер ретінде бағалап, шамамен 4–5 миллиард доллар көлемінде айыппұл салуды міндеттеген. Агенттік мақалаларында ірі мұнай алпауыттары Shell, ExxonMobil, Eni, TotalEnergies бұл тәуекелдер туралы бірнеше жыл бұрын білгенімен, күкіртті қайта өңдеу мен жоюдың қымбаттығынаа байланысты мәселені сөзбұйдаға салған.
Бұл жөнінде экономист, энергетика саласының сарапшысы Олжас Байдильдинов бірнеше рет пікір білдірген.
«Қашағандағы экологиялық айыппұлдар – тек табиғатты қорғау мәселесі емес, бұл мемлекет пен ірі инвесторлар арасындағы келіссөздердің бір тетігі. Экология кейде экономикалық және саяси аргумент ретінде қолданылады», – деген болатын.
Бұл тақырып төңірегінде түрлі салалық халықаралық басылымдар да көсіле жазуда. Мәселен, Times of Central Asia және Caspian Post сияқты аналитикалық ресурстар бұл бітпестей созылған дауларды Қазақстан мен шетелдік инвесторлар арасындағы күрделі құқықтық қарым-қатынастың бір бөлігі ретінде сипаттайды. Мысалы, кейбір сот шешімдері айыппұлдарды белгілі бір себептерді сылтауратып жойған. Бірақ, істі созбаққа салған бұл шешімдер экологиялық заңбұзушылық болмаған дегенді білдірмейді. Тек заң тұрғысынан кем-кетік тұстардың көп екеніне дәлел.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты, экология тақырыбын жиі көтеріп жүрген Айжан Скакова қоғамдық бақылаудың әлсіздігіне назар аударған. Оның пікірінше:
«Мәселе тек мұнай компанияларында емес. Мемлекеттік экологиялық бақылау ашық әрі қоғамға есеп беретін деңгейде болуы тиіс. Қашаған сияқты жобаларда қоғам нақты деректерді көруге құқылы».
ICIJ жарияланымдарында Қазақстанның қара алтынындағы келісімдері ашықтық мәселесімен байланыстырылды. Бұл материалдарда Қашаған тек қасірет әкелетін экологиялық қауіп көзі ретінде ғана емес, ірі мүдделер тоғысқан стратегиялық өте маңызды жоба ретінде көрсетіледі.
Дегенмен, шетелдік БАҚ-тағы сындарға қарамастан, бір маңызды жайтты атап өткен артық болмас. Дәл қазіргі уақытта Қашағанның салдарынан қасірет тартқан қарт Каспий теңізінде ауқымды экологиялық апат орын алды дегенді тайға таңба басқандай дәлелдейтін тәуелсіз халықаралық ғылыми зерттеулер де, статистика да жарияланған жоқ. Сарапшылар мен экологтар қатер көлеңкесін ескертумен әлек болып жатса да, нақты күйреу фактілері әлі дәлелденбеген. Бұл Каспийдің экологиясы мінсіз жағдайда дегенді білдірмейді, керісінше, ақырында опық жеп қалмау үшін дабыл қағып жатыр.
Қашаған төңірегіндегі маңызды түйткіл - эмоциямен емес, ғылыми дерекке, ашық мониторингке және жауапты экологиялық саясатқа сүйеніп шешілуі қажет ахуал. Каспий – тек ресурс көзі емес, тарихпен астасқан табиғи мұра екенін назардан тыс қалдырмағанымыз абзал. Болары болып, бояуы сіңгенде ғана жанталаспай, алдын ала қолға алған іс қана өз берекесін, нәтижесін, жемісін беретінін естен шығармайық.