Жапонияда 77 жасында Хидэки Сато дүниеден озды. Ойын индустриясында оны Sega компаниясының негізгі консоль жасаушыларының бірі ретінде таниды. Бұл туралы жапондық Beep21 журналы X әлеуметтік желісінде хабарлады, деп жазады kznews.kz.
Дереккөздің мәліметінше, инженер 13 ақпанда қайтыс болған. Ол ХХ ғасырдың соңындағы үйге арналған ойын жүйелерінің дамуына зор ықпал еткен технологиялық мұра қалдырды.
Хидэки Сато Sega компаниясында 1971 жылдан бастап жұмыс істеген. Ол кезде бейнеойын индустриясы енді ғана қалыптасып келе жатқан еді. Жылдар өте келе Сато компанияның аппараттық қамтамасыз ету саласындағы басты тұлғаларының біріне айналды.
Оны әріптестері мен журналистер "Sega-ның аппараттық бөлімінің әкесі" деп атаған. Себебі ол компанияның бірнеше буын ойын құрылғыларын жасауға атсалысқан.
Оның қатысуымен жасалған жобалар қатарында:
- SG-1000 – Sega-ның алғашқы үй консолдерінің бірі;
- компанияның кейінгі буын ойын жүйелері;
- культтік Dreamcast консолі – өз заманы үшін ең технологиялық құрылғылардың бірі.
Бұл құрылғылар әлем бойынша бейнеойындардың кең таралуына ықпал етіп, ойын индустриясының тұтас дәуірін қалыптастырды.
1980-жылдардың соңында Сато Sega-да басшылық қызметке көтерілді. 1989 жылы ол зерттеу және әзірлеу бөлімін басқарды. Бұл кезеңде компания басты бәсекелесі Nintendoмен технологиялық жарысқа түсті.
Ойын консольдері нарығы қарқынды дамып жатқан тұста Sega-ның техникалық шешімдері компанияға жаһандық нарықтағы орнын сақтауға мүмкіндік берді.