Қарағанды облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты жабылған трассада бес көліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Кейбір жүргізушілер апаттан кейін көліктерін жолда қалдырып кеткен, деп хабарлайды kznews.kz.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мәліметінше, оқиға 10 наурыз күні шамамен сағат 15:00-де республикалық маңызы бар «Астана – Қарағанды (айналма жол) – Алматы» автожолының 250-шақырымында, Атамекен ауылы маңында болған.
Жол қызметкерлері апат орнына барған кезде жүргізушілердің ешқайсысы табылмаған. Сонымен қатар кейбір көліктерде мемлекеттік тіркеу нөмірлері болмағаны анықталды.
Қазіргі уақытта жолды күтіп-ұстау және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аталған учаскеде 15 арнайы техника жұмыс істеп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін ауа райының күрт нашарлауына байланысты (қатты боран, желдің күшеюі және көріну қашықтығының шектелуі) осы жол учаскесінде барлық көлік түрлерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілген.