Қоғам

Қарағанды әкімі әлеуметтік желідегі жауабымен тұрғындардың ашуын туғызды

Торғын Абушахман Торғын Абушахман
Қарағанды әкімі әлеуметтік желідегі жауабымен тұрғындардың ашуын туғызды
Фото: новое телевидение

Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожухов әлеуметтік желідегі пікіріне байланысты қала тұрғындарының, әсіресе шеткері аудан тұрғындарының наразылығына ұшырады, деп хабарлайды kznews.kz NewTimes.kz сайтына сілтеме жасап. 

КТК телеарнасының мәліметінше, тұрғындар жергілікті пабликтердің бірінде ЖБИ бағытына апаратын жолда жарықтың мүлде жоқ екенін айтып, шағымданған. Олардың сөзінше, жол сапасы жақсы болғанымен, көлік қозғалысы тығыз, ал қараңғы уақытта жүргізушілер бір-бірін шамдарымен шағылыстырып, қауіп төндіреді.

Аталған жазбаға қала әкімі тікелей жауап беріп, тұрғындарға көліктеріндегі фарларды тексеруге кеңес берген.

«Сәлеметсіз бе, сіздің көлігіңізде фаралар жоқ па? Бұл – іс жүзінде қала сыртындағы жол, ол жерде жарықтандыру міндетті емес. Оның үстіне, бұл бюджет қаражаты мен электр энергиясына қосымша шығын», – деп жазды Мейрам Қожухов.

Әкімнің бұл жауабы әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсіп, көпшіліктің ашуын туғызды. Әсіресе, аталған жолмен күнделікті қатынайтын тұрғындар бұл пікірді орынсыз әрі жауапкершіліктен жалтару деп бағалады.

Айта кетейік, Мейрам Қожухов әлеуметтік желілерде белсенділігімен танымал және бұған дейін де резонанс тудырған мәлімдемелері үшін сынға қалған. Мәселен, жол жөндеу мәселесінде жүргізушіге «ақылгөй болмауға» кеңес берген, қатты аяз кезінде тұрғындарға «пеньюарды шешіп, кофта киюді» ұсынған, сондай-ақ әнші Қайрат Нұртастың концерт жарнамасының аялдамаларда ілінуін сынға алып, «әдемі бет ең қолайсыз жерлерде ілініп тұр» деп пікір білдірген еді.

Сонымен қатар, қала әкімдігінің баспасөз қызметі әкімнің қатаң жауабына қарамастан, проблемалық учаскеде жарықтандыру орнату мәселесі қаралатынын мәлімдеді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, көшелерді жарықтандыруда ең алдымен әлеуметтік маңызы бар нысандарға — мектептерге, балабақшаларға, емханаларға және жаяу жүргіншілер көп жүретін аймақтарға басымдық беріледі.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz