Әнші Тамара Асар жаңа жылды қасиетті Мекке қаласында қарсы алды. Өнер иесі отбасымен бірге умра сапарына барып, Қағбада құлшылық еткен сәттерін әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Жарияланған фотолардан Тамара Асардың жолдасымен бірге қасиетті мекенде жүргенін көруге болады. Әнші жазбасында 2026 жылға ақжарма тілегін арнап, жаңа жылдың әр күні жақсылық пен берекеге толы болуын сұрап дұға еткенін жеткізді.
"Ардақты ағайын! Жаңа жылдың ашылғалы тұрған есігі құтымен, берекесімен ашылсын! Жаңарып жатқан 2026 жылдың күнтізбесі әр күнімізді жақсылықпен тізе берсін! Еліміздің, жеріміздің, Отанымыз бен ошағымыздың амандығы мен ынтымағы нығая берсін. Алла қабыл етсін", – деп жазды ол.
Айта кетейік, әншінің қасиетті сапардан жариялаған суреттері қысқа уақыт ішінде мыңдаған лайк жинап, желіде кеңінен тарады.
Пікір қалдырғандар арасында: "Қара бала жетпей тұр", "Ниетіңіз қабыл болсын", "Көкейдегі мың сұрақтың жауабын жүрекпен естіп, бекемдік орнасын" деген тілектер жиі жазылған.