Мәскеу облысындағы Горки-2 елді мекенінде орналасқан Успен мектебінде болған қайғылы оқиғада көз жұмған 10 жасар бала кеше, 18 желтоқсанда Тәжікстанда жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды kznews.kz.
16 желтоқсанда қаза тапқан баланың денесі 18 желтоқсан күні таңертең Душанбе қаласына жеткізілген. Одан кейін марқұмды отбасының туған жері – Шахринав ауданына қарасты Аджам ауылына алып барған. Қаралы рәсім кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, журналистерге бейне және фото түсіруге тыйым салынған. Шектеудің нақты себебі түсіндірілмеді.
Қоштасу және жерлеу рәсімі сол күні өтті. "Азия-плюс" басылымының мәліметінше, жерлеу барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері кезекшілік атқарып, түсірілім жасауға қатаң тыйым салған. Марқұмның туыстары баспасөз өкілдерімен тілдесуден бас тартты.
Интернетте баланың анасы бейнеленген тағы бір видео тарады. Онда оған қолма-қол ақша беріп, "270 мың рубль жинадық" дейді. Анасы көз жасын тыя алмай:
"Кеш болды… Маған ақша не үшін керек? Маған ұлым керек. Маған ештеңе керек емес…" – деп жауап береді. Айта кету керек, ол бастапқыда қаржы жинауға қарсы болған, "қолайсыз" екенін айтып, дәл қазір ақша туралы ойлайтын күйде еместігін жеткізген.