Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасындағы жорығын аяқтады. Қазақстан чемпионы болгариялық «Левскиге» екі матчта да жол беріп, енді Еуропа лигасының негізгі кезеңіне шығу үшін күреседі, деп хабарлайды kznews.kz.
Жеңілістен кейін жанкүйерлер арасында кінәліні іздеу басталып кетті. Бірі – Канье Уэстің Алматыға келуін, енді бірі – жауапты матчтың Түркістанға ауыстырылуын айтады. Аптап ыстық, сапасы көңіл көншітпейтін алаң да футболшыларға қосымша қиындық туғызғаны рас. Тіпті «Алматы әкімдігі неге қаланың басты командасын қорғамады?» деген сұрақтар да айтылып жатыр.
Мұның бәрі матч нәтижесіне белгілі бір деңгейде әсер етуі мүмкін. Бірақ «Қайраттың» биылғы проблемасын тек Канье Уэстің концертімен немесе Түркістанның ыстығымен түсіндіру тым оңай жауап болар еді. Өйткені мәселе әлдеқайда тереңде жатыр.
Былтыр «Қайрат» үлкен қиындықпен болса да Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне өтті. Еуропаның мықты командаларымен кездесіп, турнирлік тұрғыдан аса жоғары нәтиже көрсете алмағанымен, қазақ футболының абыройын көтеріп, үлкен қаржыға кенелді.
УЕФА тарапынан негізгі кезеңге қатысу, матч нәтижелері, телевизиялық және басқа да төлемдерді есептегенде, «Қайраттың» табысы шамамен 35 миллион еуроға, яғни 19 миллиард теңгеге жуықтауы мүмкін еді. Қазақстан футболының өлшемімен қарасақ, бұл – орасан қаржы.
Мұндай мүмкіндіктен кейін жанкүйерлердің клубтан келесі қадамды күткені заңды. Бірнеше сапалы футболшы алып, құрамды күшейтуге, Қазақстан Премьер-лигасында үстемдігін арттыруға және еурокубоктардың негізгі кезеңіне тұрақты қатысатын команда құруға мүмкіндік туғандай көрінді.
Алайда биылғы «Қайраттың» құрамы өткен жылғы еурокубоктық жетістіктен кейін күткендей күшейген жоқ. Тағы бір маңызды мәселе – Дастан Сатпаев.
Қазақстан футболының ең жарқын жас таланттарының бірінің «Челсиге» ауысатыны күні кеше белгілі болған жоқ. «Қайрат» өзінің шабуылдағы көшбасшыларының бірінен айырылатынын алдын ала білді. Демек, клуб басшылығында оның орнын толтыруға уақыт та, мүмкіндік те болды.
Бірақ жазғы трансферлік саясат үлкен серпіліс әкелмеді. Бірнеше легионер ауысты, академиядан жастар тартылды. Жаңа шетелдік футболшылардың арасында команданың деңгейін бірден көтеріп жіберген ойыншы байқалмады. Оның үстіне негізгі шабуылшы Жоржинью маусым барысында жарақат алды.
Ал екінші Сатпаев табыла қойған жоқ. Нәтижесінде «Левскимен» шешуші кездесудің соңғы минуттарында Қазақстан чемпионын құтқару міндеті 19 жастағы Мансур Биркурмановқа жүктелді. Жас футболшыны бұл үшін кінәлау қисынсыз. Керісінше, осы жағдайдың өзі «Қайраттың» құрам тереңдігі туралы көп нәрсені аңғартады.
Осы тұста әңгімені бас бапкер Рафаэль Уразбахтинге бұруға болады.
Команда ұтылса, ең алдымен бапкер сыналады. Бұл – футболдың жазылмаған заңы. Тактика, негізгі құрамды таңдау, ойыншыларды ауыстыру – барлығы бас бапкердің жауапкершілігінде. Бірақ басқа сұрақ та бар: Уразбахтинге еурокубокта нәтиже көрсетуге жеткілікті деңгейдегі құрам берілді ме?
Біздіңше Уразбахтинде Левскиді жеңетіндей құрам болды. Алайда тактикалық тұрғыда "Қайраттың" бас бапкері екі матчта да жеңілді. Футболшылардың беріліп ойнағанын барша көреремен экраннан көрді. Десе де команданың бір қайнауы жетпей тұрды.
Мұндай да бұған дейін Дастан не болмаса Жоржиньо көмектесер еді. Бірақ белгілі себептерге байланысты олар ойнамады. Десе де амплуасы осыған ұқсас басқа да футболшылар "Қайратта" бар. Соның бірі – Азамат Тұяқбаев.
Кешегі ойында "Қайрат" футболшылары қарсыластың осал тұсын таппады. Допты айналдырып жүргенмен қарсыластың ішкі зонасына бірде бір футболшы ене алмады. Мұндайда Азамат еркін көсіле ойнап, бұзып жарар еді. Ал ол болмаған соң біздің ойыншылар алыстан қақпаны дәлдеумен болды. "Левски" қақпашысы мұндай соққылардың бәрін әккі бақылап тұрды және оңай олжалады.
Матч соңында бас бапкер Азаматтың команданы емес, жеке басын көп ойлайтынын айтып, мұндай ойыншыларға негізгі құрамда орын жоқ екенін жеткізді. Бұл арқылы біз бапкер мен ойыншының арасында бір суықтықтың барын сеземіз. Демек бапкер футболшымен тіл таппаса онда не ойыншы, не тренер орнын босату керек.
Ал клубтың селекциясына келсек, бұл тұрғыда да ақсап жатқан тұстар жетерлік. КПЛ-дің өзінде сапалы футболшылар бар. «Ордабасы» сапындағы норвегиялық шабуылшы Йонсен чемпионатта нәтижелі ойнап жүр. «Қызылжардағы» Бугре де көзге түсуде. Ал «Оқжетпестің» Васильеві чемпионаттың үздік ассистенттерінің қатарында.
Мәселе дәл осы футболшыларды міндетті түрде «Қайрат» сатып алуы керек еді дегенде емес. Мәселе – ішкі нарықтың өзінде нәтижесін көрсетіп жүрген ойыншылар бар кезде, қаржылық мүмкіндігі мол чемпион клуб неге құрамын айқын күшейте алмады деген сұрақта.
Өткен жылғы Чемпиондар лигасынан кейін «Қайраттың» трансферлік мүмкіндігі басқа қазақстандық клубтардың басым бөлігінен әлдеқайда жоғары болуы тиіс еді. Сонда сол мүмкіндік қаншалықты тиімді пайдаланылды?
Канье Уэст кінәлі ме?
Әрине, Орталық стадионның концертке берілуі және соның салдарынан маңызды еурокубок матчының басқа қалаға ауысуы жанкүйерлердің ашуын түсінуге болатын жағдай.
Команда өз стадионында ойнағанда жанкүйер қолдауы, таныс газон, климат және үйреншікті орта артықшылық береді. Сондықтан Алматыдағы матчты Түркістанға көшіруді мүлдем әсер етпеген фактор деуге болмайды.
Бірақ Канье Уэст футбол алаңына шыққан жоқ. Ол құрам жасақтаған жоқ, трансфер жүргізген жоқ және «Левскиге» қарсы тактиканы таңдаған жоқ. Сондықтан бүкіл жауапкершілікті концерт ұйымдастырушыларына артып қою клубтың негізгі проблемасын көлегейлеп жіберуі мүмкін.
Әкімдікке де сұрақ бар
Сонымен бірге жанкүйерлердің Алматы әкімдігіне қойған сұрағы да түсінікті. «Қайрат» – жай ғана жеке футбол клубы емес, Алматының спорттық символдарының бірі. Чемпиондар лигасының маңызды ойыны қарсаңында қаланың негізгі стадионының басқа іс-шараға берілуі спорттық мүдденің қаншалықты ескерілгені туралы пікірталас туғызды.
Бұл жерде мәселе Канье Уэстің концерті керек пе, жоқ па дегенде емес. Үлкен халықаралық концерттің қала үшін экономикалық және имидждік пайдасы болуы мүмкін.
Мәселе – осындай жағдайда қала билігі, стадион басшылығы, концерт ұйымдастырушылары мен футбол клубы ортақ шешімді неге ертерек таба алмады дегенде.