KZNews.kz
Қоғам

Қайрат Боранбаев Ресейдегі 100-ден астам McDonald’s мейрамханасының иесі екенін айтты

Ayzhan Sylanova
Фото: Қайрат ФК

Белгілі қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев журналист Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында өзінің Ресей аумағындағы 900-ге жуық McDonald’s мейрамханасының 104-іне иелік ететінін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Боранбаевтың айтуынша, компания желісін кеңейту жоспары биыл да жалғасады — жыл соңына дейін тағы 16 жаңа мейрамхана ашу көзделіп отыр.

«Қазір Ресейде 104 мейрамхана менің меншігімде. Биыл тағы 16 жаңа нүкте ашу жоспарда бар», – деді кәсіпкер.

Сұхбат барысында Боранбаев Қазақстандағы McDonald’s франшизасын ашуға 16 жыл уақыт кеткенін де еске алды. Ол бұл кезеңде компанияның талаптары мен жұмыс мәдениетін толық меңгеру үшін ұзақ дайындықтан өткен.

«McDonald’s-пен жұмыс істеу оңай болған жоқ. 9 ай бойы арнайы оқытудан өттім, жүздеген сағат дәріс тыңдадым. Компанияның ережелері мен стандарттарын үйреніп қана қоймай, бірнеше апта бойы мейрамханада жұмыс істедім — еден жудым, тағам дайындадым, кассада тұрдым», – деп бөлісті Боранбаев.

Кәсіпкер бұл тәжірибенің оған бизнесті терең түсінуге және қызмет сапасының маңызын сезінуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

«Бұл мектеп мені табандылыққа, еңбекқорлыққа және кез келген істің негізін өз көзіңмен көрудің құндылығына үйретті», – деді ол.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары