Кеше қазақ өнерінің алып тұлғасы Асанәлі Әшімов өмірден өтті. 88 жасқа қараған шағында мәңгілік сапарға аттанған дара дарынның қазасы ел-жұртты терең қайғыға батырды. Бір дәуірдің шымылдығы жабылып, саф өнердің биік бір белесі алыстап кеткендей. Халқы ардақты ұлын шынайы күйзеліспен, қимастықпен жоқтап отыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Асанәлі Әшімов 1937 жылғы 8 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданына қарасты Жайылма ауылында дүниеге келген. Ол Байұлы тайпасының Шеркеш руынан шыққан. Балалық шағы Екінші дүниежүзілік соғыстың ауыр кезеңімен тұспа-тұс келді. Сол жылдардың қиындығын ол бір естелігінде былайша суреттеген еді:
"Алғашқы қар түскенге дейін жалаңаяқ жүрдім. Бір күні сабақ үстінде қалың қар жауып кетті. Сыныптастарымның бәрін ата-аналары үйлеріне алып кетті де, мен суық саз мектепте жалғыз қалдым. Ол кезде тоғыз жаста едім. Түн бойы қатты қорықтым. Таңертең мектептен он жасқа есейіп шыққандай болдым".
1956-1961 жылдар аралығында Асанәлі Әшімов Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетін тәмамдап, актёр мамандығын меңгерді. 1961 жылдан бастап "Қазақфильм" киностудиясында штаттық актёр ретінде еңбек жолын бастады. Ал 1964 жылдан өмірінің үлкен бір кезеңі өткен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының негізгі актёрлік құрамына қабылданып, қазақ сахна өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Асанәлі ағамыздың әрбір рөлі – тарих, әрбір сөзі – аманат, әрбір ісі – өшпес өнеге еді. Қазақ өнері біртуар тұлғасынан айырылып, елінің қабырғасы қайысып тұр.

Асанәлі Әшімов қазақ киноөнерін халықаралық деңгейге көтерген бірегей актерлердің қатарында аталады. Ол экранда жасаған кейіпкерлері арқылы ұлттық кинематографияның көркемдік көкжиегін кеңейтіп, көрермен жадында өшпес бейнелер қалдырды.
Актердің ең танымал кинотуындыларының қатарында "Қыз Жібек "фильміндегі Бекежан, "Атаманның ақыры" картинаcындағы Шадияров, "Сарқырама" фильміндегі Мәмбет бейнелері бар. Сондай-ақ "Трансібір экспресі" туындысындағы Қасымханов, "Нан дәмі" фильміндегі Кемел, "Алатаудың ай мүйізі" картинасындағы Нұрғазы, "Жаушы" фильміндегі Қаражал рөлдері де көрерменге кеңінен танылды.

Асанәлі Әшімов туған жерінде рухани із қалдырған азамат ретінде де ел есінде. Оның атасы, әкесінің әкесі Ысқақтың пәрідар атымен туған ауылында мешіт салынған. Ал өзі әкесі Әшім Ысқақұлының құрметіне жыл сайын шахматтан облыстық турнир ұйымдастырып келген. Өнер иесінің анасы 2002 жылы дүниеден өтті.
Асанәлі Әшімовтің тұңғыш жары – әйгілі режиссер Шәкен Аймановтың қызы, опера әншісі Майра Айманова (1938-1993) болды. Екеуі студенттік шағында шаңырақ көтеріп, 35 жыл бойы бірге ғұмыр кешті. Бұл неке Майра Айманованың өмірден өткеніне дейін жалғасты. Олардың екі ұлы болды: архитектор Мәди (1959-1999) және актер Сағи (1961-1999).


