«Қазір бұл кездесу бойынша нақты дайындықтар жүргізіліп жатқан жоқ, өйткені келісілген байланыс та жоқ», – деді Песков Мәскеуде өткен брифингте.
Дегенмен, Песковтың айтуынша, Владимир Путин Қытайға сапарға дайындалуда. Егер Дональд Трамп та сол уақытта Қытайға баруды шешсе, қос мемлекет басшысының кездесу мүмкіндігі жоққа шығарылмайды.
«Егер екі президент бір қалада болған жағдайда, мұндай кездесудің мүмкіндігін теориялық тұрғыда жоққа шығаруға болмайды», – деді Кремль өкілі.
Песков халықаралық кездесулер алдымен сарапшылар деңгейінде жан-жақты дайындалуы тиіс екенін еске салды.
«Мұндай күрделі жұмысты бірден президенттердің мойнына арту қисынсыз. Алдымен сарапшылар нақты келісім параметрлерін пысықтауы қажет. Тек содан кейін ғана бұл мәселе жоғары деңгейде бекітіледі», – деді ол.
Кремльдің бұл мәлімдемесі Ресей мен АҚШ арасындағы ықтимал дипломатиялық қадамдардың бірін бағамдау аясында жасалып отыр.