Прокурордың айтуынша, айыпталушы Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаеваның телефонынан 2023 жылдың 16 тамызында жазылған жазба табылған. Онда аса ірі көлемдегі қаражаттың қайда жұмсалғаны көрсетілген.
Арман Қызыкен жазбаны сотта сөзбе-сөз оқып берді:
«37 млн теңге – машина, 5 млн теңге – тіс емдеу, 10 млн теңгеге Түркияға барып емделіп келу, 3 млн теңге – БАД алып ішу, 10 млн теңгеге – қыдыру, 3 млн теңге – фэншуй, 1 млн теңге – бадзы оқу, 2 млн теңге – оффлайн бару, қыдыру және сол уақытта 3 млн теңгеге киім алу, 3 млн теңге – білезік, ақ алтын бриллиант».
Прокурордың мәлімдеуінше, Перизат Қайрат осы шығындардың қайдан қаржыландырылғанын дәлелдей алмаған. Ол тек Астана мен БАӘ-де пәтер сатқанын ауызша айтқан, бірақ бұл мәлімдемесін құжаттармен бекітпеген.
Сот процесінде прокурор Мадина Оразалина бұл істі «Киелі ұғымдарға опасыздық» және «Жақсылықтың жалған кейпі» деп сипаттады.
Мемлекеттік айыптаушылар Перизат Қайратты 10 жылға, ал анасы Ғайни Алашбаеваны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.