KZNews.kz
Жаңалықтар

Президент сынынан соң Шымкентке полиция басшысы қызметінен босатылды

Дархан Тоқан
kznews.kz коллажы

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың кісі қолынан қаза табуы қоғамды дүр сілкіндіріп, Мемлекет басшысы бұл іске байланысты Ішкі істер министрлігіне қатаң тапсырма берді. Осы оқиғадан кейін қала полициясы басшылығына қатысты кадрлық шешім қабылданды, деп хабарлайды kznews.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде адам құқығы мен қадір-қасиеті мемлекеттің басты ұстанымы екенін атап өтті. Оның айтуынша, тексеру барысында күдіктінің марқұм Нұрайды аңдып, маза бермей қоқан-лоққы көрсеткені анықталған.

«Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор бұл мәселені мұқият тексереді», – деді Мемлекет басшысы.

Ішкі істер министрлігі Нұрай Серікбайдың қазасынан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмасбеков пен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылғанын хабарлаған. Сонымен бірге бірқатар лауазымды қызметкерлер ішкі істер органдарынан шығарылғаны айтылады. Министрліктің Өзіндік қауіпсіздік департаменті Қаратау ауданы полиция басқармасының қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп, марқұмның туыстарының өтініштері уақтылы әрі тиісті деңгейде қаралды ма – соны тексеріп жатыр.

Ресми мәліметке сүйенсек, бұл іс аясында «уақтылы шаралар қабылдамау» бойынша барлық дәйек жан-жақты зерделеніп, қорытындысына қарай жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Сондай-ақ Нұрай Серікбайды өлтірді деген күдікпен 28 жастағы азамат екі айға қамауға алынғаны хабарланды. Күдіктінің 2025 жылғы қазанда Нұрайды еркінен тыс алып қашуға әрекеттенгені, кейін арыз жазылғаны, бірақ «жоламаймын» деген уәдеден соң қыздың кешірім бергені де айтылады.

Ал Telegram-дағы Козачков арнасында Шымкентте бірнеше басшылық қызметтегі полицейдің қызметтен босатылғаны туралы бейресми ақпарат тарады. Онда Нұрлан Алмасбековтің орнына Арман Бейсенбаев міндетін атқарушы болып тағайындалғаны, оның бұған дейін Түркістан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, одан бұрын Шымкент қаласы ПД бірінші орынбасары болғаны жазылды. Бұл тағайындауға қатысты ресми хабарлама әзірге жарияланбаған.

Дархан Тоқан
Автордың басқа материалдары