Мемлекет басшысы қазіргі модельдің жеткіліксіз екенін, әсіресе өңдеуші өнеркәсіпке қаржы тартудың маңызын баса айтты.
«Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүниежүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастау қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл — жаман емес. Осындай инвестициялар бізге қажет. Бірақ, қазір алдымызда тұрған міндет басқа. Бұл — өңдеу саласына көбірек қаражат тарту», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Үкіметке инвестиция тарту тәсілдерін қайта қарауды тапсырды. Бұл бастама Қазақстан экономикасының құрылымдық өзгерістеріне жол ашып, жаңа өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді. Әсіресе жасанды интеллект, цифрлық технологиялар мен жасыл энергетика сияқты болашағы зор салаларға капитал тарту маңызды болмақ.
— «Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бизнестің бастамаларына бірдей назар аудару қажет. Ірі инвесторлармен қатар, орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. Қаражаттың қай бағытқа, қандай мақсатпен және қанша көлемде қажет екенін нақты білу қажет», — деді Мемлекет басшысы.