KZNews.kz
Саясат

Президент Мемлекет басшысын сайлау тәртібіне байланысты ұсыныс айтты

Айжан Сыланова
Фото: istockphoto.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны жетілдіру мәселесіне қатысты кәсіби заңгерлердің ұсыныстарына тоқталды. Президенттің айтуынша, сарапшылар Ата заңның кейбір нормаларын нақтылай түсу қажеттігін көтеріп отыр, деп хабарлайды kznews.kz.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысын сайлау тәртібіне байланысты маңызды ұсыныс бар. Қазіргі Конституцияға сәйкес, Президент өз міндетін атқара алмайтын жағдай туындаса, оның өкілеттігі қалған мерзімге Сенат төрағасына өтеді. Алайда «қалған мерзім» ұғымының нақты шегі жоқ. Президент бұл мәселеге ерекше назар аударып, оның 6 айға да, 6 жылға да созылуы мүмкін екенін атап өтті.

Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Сондықтан, Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген норма негізгі заңда нақты белгіленуі қажет», – деді.

Оның айтуынша, бұл қадам халықаралық озық тәжірибеге толық сай келеді.

«Еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни, заңды түрде келуі керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным. Осы норма кейінгі мемлекет басшылары үшін де еш өзгермейтін қағида болуға тиіс», – деп  айтты Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Конституция мәтінінде бірқатар терминологиялық және стильдік қателер бар екенін де атап өтті. Конституциялық реформа аясында бұл олқылықтарды түзету қажет. Бұл жұмысқа кәсіби заңгерлермен қатар білікті тіл мамандары да тартылмақ.

Президент Ата заңның преамбуласына да ерекше мән беру керектігін айтты. Оның пікірінше, кіріспе бөлім ұлттық құндылықтарды айқын көрсетіп, уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтпауы тиіс. Онда қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің терең тарихы нақты көрініс тауып, Қазақстанның Ұлы даладағы ұлы мемлекеттердің мұрагері екені айшықталуы қажет.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Конституцияға ел дамуының басты бағдарын айқындайтын жаңа қағидатты енгізуді ұсынды. «Біз бәріміз Әділетті Қазақстанды ең жоғары мақсат ретінде көздейміз және оған жетеміз» деген ұстаным негізгі заңда көрініс табуы керек екенін атап өтті.

Президенттің бұл бастамалары Конституцияны заман талабына сай нақтылап, елдегі биліктің заңдылығы мен әділеттілігін нығайтуға бағытталған.

Айжан Сыланова
Автордың басқа материалдары