Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту жұмыстары 1 шілдеден ресми түрде басталатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл өзгерістерді кезекті әкімшілік реформа ретінде емес, ел тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы ретінде қабылдау қажет, деп хабарлайды kznews.kz.
Мемлекет басшысы қолға алынатын өзгерістердің ауқымы бұрын-соңды болмағанын айтып, олардың мақсаты мемлекеттік басқару жүйесін жаңа деңгейге көтеру екенін жеткізді.
«Бәріңізге белгілі, ертең мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту жұмысы ресми түрде бастау алады. Мұны кезекті әкімшілік реформа деп түсінуге болмайды. Бұл – еліміз үшін мүлде жаңа тарихи кезең басталады», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы қазақ мемлекеттілігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам деп бағалап, оны «мемлекеттің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізумен» салыстырды.
«Басқаша айтсақ, біз қазақ мемлекеттігінің "ғимаратына" күрделі жөндеу жүргізуді көздеп отырмыз. Біз ел Тәуелсіздігінің мызғымас тұғыры мен іргетасын көздің қарашығындай сақтай отырып, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге міндеттіміз», – деді ол.
Президенттің айтуынша, бұл іске мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, ғылыми қауымдастық, сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық институттар да белсенді атсалысуы тиіс.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанды үш жыл ішінде дамыған цифрлық мемлекетке айналдыру міндетінің өзектілігін тағы бір мәрте еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қауіпсіздік мәселесіне де тоқталып, ел тәуелсіздігін қорғау әрдайым басты назарда болуы керектігін айтты.
«Біз Қазақстанның Тәуелсіздігі мен Егемендігін сенімді түрде қорғау мәселесін әлі түбегейлі шешкен жоқпыз. Мұны ешқашан естен шығармайық. "Жау жоқ деме жар астында" деген тәмсілді әрқашан қаперде ұстаған жөн», – деді Президент.
Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын арттыру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту мемлекеттік саясаттың басты басымдығы болып қала беретінін атап өтті.
«Біздің басты мұратымыз – халықтың әл-ауқатын арттырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту. Сондықтан қол қусырып отыруға құқымыз жоқ. Алдымыздағы ауқымды міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін табанды әрі нәтижелі еңбек етуіміз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.