«Еліміздің келешегі жарқын болғанын қаласақ, жоғары технология мен жасанды интеллектіні қазірден бастап тиімді пайдалануымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, соңғы жылдары ұлттық ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде:
«Бес жылда білім-ғылым саласына салынған инвестиция бес есе өсті. Зерттеу университеттері көбеюде, олардың өндіріспен байланысы нығайып келеді. Қазір 300-ге жуық коммерциялық жоба қолға алынды. Осылайша, «Университет – зерттеу – инновация – коммерция» кешенді жүйесі орнығып жатыр. Бұл үрдіске күшті серпін беріп, оны таяу арада толығымен енгізу керек», – деді ол.
Сонымен бірге Президент әлемнің 40-тан астам беделді университетімен серіктестік орнатылғанын, елімізде 33 филиал ашылғанын, технология парктері мен инжиниринг орталықтары құрылып жатқанын айтты.
«Ұлттық ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту – аса маңызды, түйінді мәселе. Жас ғалымдарға барынша жағдай жасала беруі керек. Әйтпесе, күре жолдың шетінде қалып қоюымыз мүмкін», – деді Қ.Тоқаев.