Бүгінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымындағы негізгі элементтердің бірі аумақтық тұтастық қағидаты болып отыр. Мемлекет басшысы бұл ұстанымды ел ішінде де, шетелге барған сапарларында да үнемі атап айтып келеді.
Мәселен 29-қыркүйекте Берлинде де ол Қазақстан БҰҰ Жарғысының қағидаттарын басшылыққа алатынын және барлық мемлекеттердің аумақтық тұтастығын құрметтеу қажеттігін мәлімдеді. Сонымен бірге Қазақстан әскери жолмен мәселені шешудің орнына келіссөздерге көшуді ұсынатынын ашық айтты.
Яғни,Тоқаев шілде айында Омбыда Владимир Путинмен кездесу кезінде қақтығысты "мұздату туралы" және келіссөз процесіне оралу туралы ұсыныс айтқан болатын. Ал Берлиндегі брифингте ол бұл ұсыныстың соғысты бірден тоқтатуды емес, әскери қимылдарды тоқтатып, кейін дипломатиялық келіссөздерге көшу мүмкіндігін білдіретінін нақтылады.
Мемлекет басшысының бұл ұстанымы әлемдік және отандық саяси сарапшылардың талқысына түсіп отыр. Мысалы, саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей–Украина қақтығысына қатысты мәлімдемелерін жекелеген сөздер арқылы емес, тұтас сыртқы саясат логикасы аясында қарастырған жөн екен.
- Тоқаев тәжірибелі дипломат ретінде Қазақстанның геосаяси жағдайын ескере отырып, прагматикалық ұстаным қалыптастырып отыр. Ол Ресеймен стратегиялық және одақтастық қатынастардан бас тартпайды. Сонымен қатар Украинамен ынтымақтастықты да сақтап келеді. Бұл – Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының нақты көрінісі, – деп есептейді сарапшы.
Әшімбаевтың пайымынша, бұл жерде Қазақстанның негізгі мүддесі қақтығыстың одан әрі кеңеюіне жол бермеу және аймақта тұрақтылықты сақтау болуға тиіс.
- Қазақстан үшін Ресеймен де, Украинамен де қалыпты қарым-қатынасты сақтау маңызды. Сондықтан Астана бір тарапты таңдау емес, екі тараппен де жұмыс істеуге мүмкіндік беретін ұстанымды сақтап отыр. Бұл жерде эмоциядан гөрі прагматизм басым, – дейді ол.
Осы тұрғыдан алғанда, Тоқаевтың мәлімдемелері бір-біріне қайшы емес. Ресеймен стратегиялық серіктестік, Украинаға құрмет, аумақтық тұтастық қағидаты және қақтығысты дипломатиялық жолмен реттеу – Қазақстан сыртқы саясатының бір-бірін толықтыратын бағыттары.
- Қазақстанның позициясы – соғыстың кімнің пайдасына аяқталатынын болжау емес, соғыстың өзінен кейін қандай қауіпсіздік архитектурасы қалыптасатынын ойлау. Сондықтан Тоқаевтың сөздерінде Ресеймен қатынасты сақтауға да, бейбітшілікке шақыруға да бір мезгілде орын бар, – деп түйіндейді өз ойын Данияр Әшімбаев.