Украинаның Сыртқы істер министрі Андрей Сибига Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі мәлімдемесіне ризашылығын білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, Украина қазіргі майдан шебі бойынша ұрыс қимылдарын тоқтатуды ұсынып отыр. Алайда, Сибига бұл бастаманы Кремль қабылдамай отырғанын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы қақтығысты уақытша тоқтатып, келіссөздерді «Стамбұл келісімдері 2.0» форматы негізінде қайта жандандыру қажет екенін айтқан болатын.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы соғыста Ресей мен Украина халықтарының «генофондын құрайтын» жас азаматтардың қаза тауып жатқанын атап өткен еді.
Ал Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей Қазақстан Президентінің ұстанымын құрметтейтінін, бірақ онымен келіспейтінін мәлімдеді. Оның сөзінше, Мәскеу Қазақстанға өз ұстанымы мен қақтығыстың себептерін «екі есе қарқынмен» түсіндіру жұмыстарын жалғастыра береді.