Алматы облысының таулы аймағынан 37 жастағы полиция қызметкері Аслан Әлсеровтің өртенген денесінің табылуына қатысты істе жаңа мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды kznews.kz.
Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, марқұмның жұбайы Арайлым Әлсерова күдікті ретінде қамауға алынған. Ал оқиға орнында болған кәмелетке толмаған үш жасөспірім үйқамаққа жіберілді.
Ulysmedia басылымы жасөспірімдердің адвокаттарымен сөйлесіп, істің кейбір мән-жайын анықтаған.
Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, оның қорғауындағы жасөспірім Аслан Әлсеровтің ұлының досы болған. Оқиға болған күні ол досының үйіне PlayStation ойнау үшін барған.
Қорғаушы жасөспірімге психологиялық сараптама тағайындалғанын және қазір онымен маман жұмыс істеп жатқанын айтты.
"Сараптама тағайындадық. Қазір онымен психолог маман жұмыс істеп жатыр. Қорытындысын алған кезде белгілі болады. Өйткені мына жерде тергеушілер кәмелетке толмаған балаларға қысым жасап, алдын ала келісім жасаған. Олар кәмелетке толмаған балалар. Ой жоқ. Олар білмейді, жоспарламайды. Ана жерде ерлі-зайыптылардың арасында жанжал болған. Балалар шокта болған. Қылмыстық кодексте бар нәрсе, «эксцесс соучастие» деген. Ол орысша айтқанда, "Не в то время, не в том месте" болған", – дейді Ғалым Нұрпейісов.