Астанада полиция Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісін ұстады. Ол екі жол-көлік оқиғасына қатысы бар деген күдікке ілінген. Tengrinews.kz жазуынша, полиция көлік тізгінінде бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов болғанын растады, деп хабарлайды kznews.kz.
Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қалада екі жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан бірнеше автокөлікке зақым келген.
Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі басқа көліктермен соқтығысқаннан кейін оқиға орындарынан кетіп қалған.
"Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде көлік анықталып, полиция қызметкерлері оны Достық көшесінде ұстады. Рөлде алкогольдік масаңдық белгілері бар 35 жастағы ер адам болған", – деп хабарлады полиция.
Ведомство мәліметінше, екі жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Қазір аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады.