Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде тұрмыстық газ баллоны жарылды, деп хабарлайды kznews.kz. Оқиға салдарынан сегіз адам зардап шекті, оның бесеуі – тұрғындардың шақыруымен келген полиция қызметкерлері. Зардап шеккендердің барлығы медициналық мекемеге жеткізілді.
Төтенше жағдай туралы хабарлама 112 нөміріне Қарағанды облыстық ТЖД кезекші бөліміне полициядан келіп түскен. Хабар алынғаннан кейін төрт минут ішінде ТЖМ күштері оқиға орнына жетті.
Оқиға орнына келген құтқарушылар пәтер ішінде жиһаз бен тұрмыстық заттардың жанып жатқанын анықтаған. Құтқарушылар баспалдақ арқылы жоғарғы қабаттардан бес адамды эвакуациялады. Өрт сөндірушілер келгенге дейін полиция қызметкерлері де тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарып үлгерген, қалған тұрғындар ғимараттан өз бетінше шыққан.
Тұрғындар үшін ТЖМ вахталық көлігі арқылы жылыту ұйымдастырылып, арнайы жылыту пункті де ашылды.
Өрт сөндірушілер тілсіз жауды 40 шаршы метр аумақта толықтай сөндірді. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда.
Оқиға орнында ТЖД бастығының жетекшілігімен өрт сөндіру штабы құрылды. Сонымен қатар, жерде өрт сөндіру бөлімшелері, құтқарушылар, медицина қызметкерлері, полиция және жергілікті атқарушы орган өкілдері жұмыс істеуде.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бөтен мүлікті қасақана жоюға әкеп соққан өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция 40 жастағы күдіктіні ұстады. Қазіргі уақытта ол Шахтинск қалалық ауруханасының арнайы палатасына жатқызылып, күзетке алынған. Сауығып шыққаннан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалатын болады.
Қазір оқиға бойынша жан-жақты және объективті тергеу жүргізілуде.