Петропавлда кәріз құдығының маңынан әйел адамның мәйіті табылып, қазір осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, мүрде 27 тамызда Тауфик Мұхамедрахимов көшесіндегі кәріз құдығының маңынан анықталған. Мәйіттің біраз уақыт жатуына байланысты әзірге әйелдің жеке басын анықтау мүмкін болмай отыр.
Полиция өкілдері марқұмды тұрғылықты жері жоқ адам деп айтуға әлі ерте екенін атап өтті. Себебі мәйіттің жанынан ұялы телефон мен кілттер табылған.
Тәртіп сақшыларының болжамынша, әйел бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен және іздеуде болған адам болуы мүмкін. Алайда бұл әзірге қарастырылып жатқан нұсқалардың бірі ғана.
Қазір полиция марқұмның жеке басын анықтап, оқиғаның нақты себептері мен барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.